Фото: ашық дереккөз
Түркістан облысы Алғабас ауылында 12 адамның өмірін қиған қайғылы өртке не себеп болғаны белгілі болды. Алдын ала анықталған дерек бойынша, өрт электр ұзартқышының ақауынан тұтанған, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл ақпаратты Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті. Оның айтуынша, оқиға орнында барлық қажетті зерттеулер жүргізілген.
«Электротехникалық және өрт-техникалық сараптамалар тағайындалды. ТЖМ-нің сынақ өрт зертханасы жұмыс істеді. Алдын ала нәтиже ұзартқыштың істен шығуын көрсетіп отыр. Дегенмен, сараптамалардың толық қорытындысы шыққан соң құқықтық бағасы беріледі», — деді ол.
Төрегелдиевтің айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін отбасылық үйлерге қауіпсіздік датчиктерін орнату аса маңызды. Түтін датчиктері түтінді ерте анықтаса, көміртек тотығына арналған құрылғылар газдың қауіпті деңгейін белгілеп, дабыл береді.
Биыл осы құрылғылардың көмегімен 13 дабыл іске қосылып, 36 адамның өмірі аман қалған. Комитет басшысы пеш немесе газбен жылытылатын үйлердегі адамдарға датчик орнатуды міндетті шара деп атады.
«Ережеге сай, әр жеке үйде автономды түтін дабылы болуы тиіс. Мұндай датчиктің бағасы шамамен 2,5 мың теңге. Адам өмірімен салыстырғанда бұл өте төмен баға. Көміртек тотығына арналған құрылғы да қарапайым үш батареямен жұмыс істейді. Газ концентрациясы көтерілгенде қатты дабыл шығып, ұйықтап жатқан адамды да оятуға қауқарлы», — деді Ерлан Төрегелдиев.
