29 қаз, 2025 сағат 15:31

Әлеуметтік желіні шулатқан 600 мың теңгелік торт дауы сотта шешімін тапты

Фото: видеодан скриншот

Астанада кондитер Нұршат Ақбергенова мен блогер Аселина Батыр арасындағы сот дауы аяқталды, деп хабарлайды Ult.kz Tengri Life-ке сілтеме жасап.

Сот шешімін судья Гүлзада Рашкалиева жариялап, талапкердің өтініші ішінара қанағаттандырылғанын мәлімдеді.

«Ақбергенованың Батырбековаға қарсы ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді қорғау туралы талап арызы ішінара қанағаттандырылсын. Instagram мен Threads желілерінде таратылған ақпарат шындыққа сәйкес келмейді деп танылсын», – деді судья.


Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Аселина Батырға шешім заңды күшіне енген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде Instagram және Threads желілерінде жалған ақпаратты теріске шығаратын жазба жариялауды міндеттеді.

Сонымен қатар, сот шешімімен жауапкерден:

  • 200 мың теңге (жұмыс ақысы, сот шығындары және мемлекеттік баж);

  • 100 мың теңге (моральдық өтемақы) өндіріледі.

Талаптың қалған бөлігі бойынша сот қанағаттандырудан бас тартты.

Бұған қоса, сот Нұршат Ақбергеновадан Аселина Батырдың пайдасына 30 мың теңге өндіріп алуға шешім қабылдады — бұл жауапкердің өкілі қызметінің бір бөлігін өтеу үшін.

Сот тараптардың хат алмасуын зерттей келе, торттың дизайны, салмағы және безендірілуі талқыланғанымен, бағасы алдын ала нақты келіспегенін анықтады. Кейін Ақбергенова тортты дайындаған, ал Батыр оны ішінара ғана төлеген.

Материалдарға сәйкес, торттың жалпы бағасы 300 мың теңге болған, оның бір бөлігі төленіп, кейін қайтарылған.

Сот сонымен қатар Нұршат Ақбергенованың өкілі — заң кеңесшісі Аржан Сәдуақас тарапынан процессуалдық заң бұзушылықтар анықтап, бұл жөнінде Әділет министрлігі мен Заң кеңесшілерінің республикалық палатасына жеке қаулы жіберуге шешім қабылдады.

Министрлік бір ай ішінде қабылданған шаралар туралы сотқа хабарлауы тиіс. Талап орындалмаған жағдайда, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Еске салайық, кондитер Нұршат Ақбергенова блогер Аселина Батырдан 18 келілік торт үшін төленбеген 500 мың теңгені, сондай-ақ 3 миллион теңге моральдық өтемақыны және жеке кешірім сұрауды талап еткен.

Блогердің қорғаушылары өз кезегінде десерттің бағасы тым жоғары екенін айтып, қоғам тарапынан қысым мен кибершабуылдарға сілтеме жасап, сот отырысын жабық өткізуді сұраған еді.