1,7 млн адам әлеуметтік жәрдемақы алу үшін төлем картасын және карточкалық шот ашты, - деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
«Әлеуметтік жәрдемақы алу үшін 1,7 млн адам төлем картасын және карточкалық шот ашқан. Мемлекеттік комиссияның 2020 жылғы 10 сәуірдегі отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасы аясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейдегі банктермен төлем карталарын банктердің бөлімшелеріне бармай-ақ, қашықтан алу алгоритмін дайындады. Бүгінгі күні 1 013 558 азамат қашықтан карточкалық шот және төлем картасын ашқан, сондай-ақ олар шамамен 700 мыңдай клиенттің үйіне жеткізіліп берілген», - делінген агенттік мәліметінде.
Белгілі болғандай, төтенше жағдай енгізілгеннен бері «Қазақстанның Халық банкі» АҚ қашықтан 564 615, Kaspi Bank – 358 884, Forte Bank АҚ – 26 745, «Банк Центр кредит» АҚ 25 258 төлем картасын ашты.
«Қазпочта» АҚ тұрғындардың үйіне 88 397 төлем картасын жеткізіп берді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, төтенше жағдайдың жариялануына байланысты табысынан айырылған 4,28 миллионнан астам қазақстандық 425 00 теңге көлемінде жәрдемақы алды.
Президент келесі айда да азаматтарға 42 500 теңге көлемінде көмек берілетінін мәлім етті.