03 қар, 2017 сағат 16:56

Әлеуметтік сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Қазақстанда қазан айының соңғы жексенбісінде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні аталып өтіледі. Осы кәсіби мерекеге орай бүгін Талдықорған қаласындағы Оқушылар сарайында облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» байқауының жүлдегерлерін марапаттап, сала қызметкерлерін құттықтады.

Салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтап, тілегін білдірген Ж. Омар:

- Құрметті әлеуметтік сала қызметкерлері! Баршаңызды облыс басшысының атынан кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің қарттар мен мүгедектерге, көп балалы және күнкөрісі төмен отбасыларға, жұмыссыз азаматтарға көрсеткен қамқорлықтарыңыз ерекше атап өтуге тұрарлық. «Мейірім жүректен шығады, пейіл тілектен туады» дейді халық даналығы. Осы салада жеткен жетістіктердің барлығы – ізгілік пен адамгершілікті ту еткен еселі еңбектеріңіздің  жемісі. Сіздерді мерекелеріңізбен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Мұнан соң «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік қызметкері» облыстық байқауының қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталды. «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының маманы Бауыржан Қабдрахманов «Әлеуметтік сақтандыру саласының үздік қызметкері», облыстық еңбек инспекциясы басқармасының бас маманы Раушан Абданбаева «Еңбек инспекциясы саласының үздік мемлекеттік еңбек инспекторы», Талдықорған каласының - үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің әлеуметтік қызметкері Ұлжалғас Көкетаева «Үздік әлеуметтік қызметкер», мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Үміт» күндізгі орталығының әлеуметтік қызметкері Жібек Алкенова «Үздік әлеуметтік қызметкер», «Бәйтерек» күндізгі орталығы «Үздік медициналық-әлеуметтік мекеме» атанып, 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейінгі ақшалай сыйлық сертификаттарына ие болды. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар мәселесінде жақсы көрсеткіштерге жеткен ұйымдар да назардан тыс қалған жоқ. Іле және Көксу аудандық жұмыспен қамту орталықтарының әрқайсысы 200 000 теңгенің сертификатымен марапатталды.

Халықты әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша «Әлеуметтік жобаларды» іске асыруда белсенділік танытқаны үшін «Ерлік», «Спорттық сауықтыру орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестіктері, «Талдықорған аймақтық еңбекке орналастыруға жәрдем көрсету қоры» қоғамдық қорының еңбегі ерекше аталып, әрқайсысына 100 мың теңгенің сертификаты берілді.

Сол сияқты облыс әкімінің орынбасары бірқатар азаматтарға «Еңбек Ері» медалін, «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісін, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын ұсынды.   

Жалпы бүгінгі күні Алматы облысында әлеуметтік қорғау саласында 3 мыңнан астам адам еңбек етеді. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі 4,7 %-ке төмендеді. Бұл көрсеткішке қол жеткізу үшін 2011 жылдан 2016 жылға дейін 126 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» биылғы жылы облыста 22 мың адам тартылды, 8 мыңнан астам жұмыссыз азамат тегін кәсіби білім алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде биылғы жылдың өзінде 800-ге тарта адамға жалпы сомасы 3 млрд. 563 млн. теңге шағын несие берілді. Мүгедектерге көмек ретінде биылғы жылы 2 млрд. 900 млн. теңге бөлінді.