Әлемдік додадаларда топ жарған спортшыларға берілетін зейнетақы 4 есе өседі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі мәлімдеді, - деп хабарлайды «Хабар 24».
Олардың ай сайынғы төлемақы деңгейі осыған дейін 76 мың теңге болса, енді бұл қаражат 318 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сондай-ақ биыл төрешілердің де жалақысы өспек.
Жалпы қазақстандық спортшылардың дүбірлі додалардағы нәтижесі жаман емес. Атап айтсақ, Әлем жене Азия чемпионаттарында ел спортшылары жыл басынан бері 133 алтын, 135 күміс, 148 қола жүлдені иеленген.
"Шешімін таппай келе жатқан тағы бір мәселе - 105 бұйрық бекітілді. Ұлттық Олимпиада комитеті ұлттық құрама командаларды дайындаумен айналысқалы, 2017 жылдан бері оларға арналған спорттық жабдықтар сатып алынбаған. Енді бұл мәселе өз шешімін тауып, спортшыларымызға спорттық жабдықтарды сатып алу әлдеқайда жеңіл болады", - деді МСМ спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов.