27 қаз, 2016 сағат 14:12

"ИМ" Ресейдегі шабуылды жауапкершілігіне алды

"Ислам мемлекеті" экстремистік тобы 23 қазанда Ресейдің Нижний Новгородта болған шабуылды жауапкершілігіне алды. Бұл жөнінде радикалды исламшылдардың интернеттегі белсенділігін қадағалайтын SITE халықаралық ұйымы мәлімдеді.

Осы аптада Ресейдің құқық қорғау органдары Нижний Новгородта арнайы операция жүргізіп, терроризмге күдіктелген екі адамның өлтірілгенін мәлімдеді.

Жергілікті БАҚ полиция бірнеше тұрғын үйді қоршап, жарылғыш заттарды іздеді деп жазады. Ресей қауіпсіздік қызметі әзірге шабуылдың исламшылдармен байланысы бар-жоғы туралы мәлімет бермеді.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы осыған дейін Солтүстік Кавказда орын алған шабуылдарды мойындарына алып келді.