Еуразиялық ынтымақтастық - Нұрсұлтан Назарбаев үшін өмірлік идея. Бұл туралы «Еуразиялық интеграция - Н.Назарбаевтың тарихи бастамасы» тақырыбындағы онлайн режимде өткен телекөпір барысында М.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалының директоры, экономика ғылымдарының докторы Александр Сидорович айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Нұрсұлтан Әбішұлы үшін Еуразиялық интеграция идеясы - бұл оның өмірлік ішкі идеясы. Елбасының Еуразия университетінде Еуразия университеттері қауымдастығының съезінде сөйлеген сөзіне куә болғанымыз бар. Дәл сол оқиға барысында Нұрсұлтан Әбішұлы 10 минут бойы залда тікесінен тік тұрып, еуразиялық бірлікке қатысты ең қазыналы ойларымен бөліскен еді. Залда достастықтың барлық елдерінен 100 ректор отырды», - деп еске алады Александр Сидорович.
Оның атап өтуінше, сол жолғы кездесу белгіленген уақыттан да ұзаққа созылып кеткен.
«Сұрақтар талқыланған сәтте бұл кездесу 30 минуттың ішінде аяқталады деп болжанған еді. Алайда Нұрсұлтан Әбішұлы тағы да жарты сағат сөйлеп, бұл ынтымақтастықтың дамитындығына нық сенімді екендігін жан-жақты түсіндіріп берді. ҚР Тұңғыш Президенті еуразиялық ынтымақтастық идеясына жан-тәнімен берілген және ол тосыннан емес. Бұл идеяның артында ауқымы үлкен процестер, ауқымды ойлар мен жаңа дүниетаным жатыр»,- деді ол.
Еуразия ұлттық университеті мен М.Ломоносов атындағы ММУ-дің Қазақстандағы филиалы бірлесіп ұйымдастырған телекөпір барысында еуразиялық интеграцияның тұжырымдамалық мәселелері, одақ мемлекеттерінің білімі мен экономикалық өсімі арасындағы өзара байланыс, ғылым мен заманауи инновациялық технологияларды дамыту, еуразиялық экономика және мәдени ынтымақтастық векторлары талқыланды.