Бейжіңдегі паралимпиада ойындарында Александр Герлиц Қазақстан тарихындағы үшінші паралимпиада медалін иеленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Самат Ерғалиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай статистика келтірді.
«Қытай елінде 4-13 наурыз аралығында өткен XIII қысқы Паралимпиада ойындарында еліміздің ұлттық құрама командасы бір қола медальға қол жеткізіп, 53 мемлекеттің арасында командалық есепте 17-ші орынға тұрақтады. Ойындарда 700-ден астам спортшы парашаңғы жарысы, парабиатлон, парахоккей, тау шаңғысы, арбадағы керлинг және сноуборд сияқты спорттың 6 түрінен 78 медаль жиынтығын сарапқа салды. Оның ішінде біздің спортшылар 12 медаль жиынтығы бойынша бақ сынады», - деді комитет төрағасы.
Айтуынша, бұл жолғы паралимпиада ойындарында ел намысын 5 спортшымыз қорғаған.
Нақтырақ айтсақ, Александр Герлиц (СҚО), Ербол Хамитов (СҚО), Сергей Усольцев (СҚО), Денис Петренко (Ақмола облысы) және Юрий Березин (Қостанай облысы).
«2022 жылғы 8 наурызда Александр Герлиц пара биатлоннан 10 шақырым қашықтықта үздік үштікке еніп, қола медальге қол жеткізді. Бұл - тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстан құрама командасының қысқы Паралимпиада ойындарындағы үшінші медалі», - деді Самат Ерғалиев.
Комитеттің мәліметі бойынша, Қазақстан тарихында қысқы Паралимпиада ойындарында біздің спортшылар 1 күміс және 1 алтын медаль алған.