21 ақп, 2022 сағат 13:35

Александр Бублик әлемдегі үздік 30 теннисшінің қатарына кірді


Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик әлемдегі үздік отыз теннисшінің қатарына кірді.

Ол 31-ден 30-орынға көтеріліп, өзінің рекордтық көрсеткішіне қол жеткізді. 

Михаил Кукушкин 168-ден 166-ға, Дмитрий Попко 180-нен 178-ге жоғарылады. 

Рейтинг көшін бұрынғыша сербиялық Новак Джокович бастаса, ресейлік Даниил Медведев екінші, германиялық Александр Зверев үшінші орында келеді.

Жұптық сында Андрей Голубев 31-ден 34-ке, Бублик 67-ден 72-ге сырғыса, Александр Недовесов 68-ден 63-ке шықты.

Әйелдер арасында аустралиялық Эшли Барти, Беларусь өкілі Арина Соболенко, чехиялық Барбора Крейчикова алғашқы үштікте тұр.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 16-дан 20-сатыға жайғасса, Юлия Путинцева 42-ден 39-ға, Зарина Дияс 114-тен 113-ке жоғарылады.

Жұптық сында Анна Данилина өзінің рекордтық көрсеткіштерін жалғастыруда. Бұл жолы ол 23-тен 22-орынға көтерілді. Рыбакина 51-ден 48-сатыға жоғарылады.

Қазақстандық теннисшілер осы аптадағы жарыстарда табысты өнер көрсетсе, рейтингтегі көрсеткіштерін жақсарта алады. 

Атап айтқанда, Бублик жүлде қоры 2,8 млн АҚШ долларына жуықтайтын Дубай ATP 500 турнирінің алғашқы айналымында әлемнің 11-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Гуркачпен сынға түседі. Ол сондай-ақ жұптық сында түркиялық Алтуг Челикбилекпен бірге іріктеу сайысын сәтті өткізіп, негізгі турнирге жолдама алды. Бұл жұптың алғашқы қарсыластары – Гуркач пен италиялық Янник Синнер. 

Рыбакина бүгін жүлде қоры 2,6 млн АҚШ долларынан асатын Доха WTA 1000 жарысында бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 71-орында тұрған румыниялық Жаклин Адина Кристианмен өткізеді.