Қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдердің інісі Семен Линдер спортшының қайтыс болғанға дейін қандай мәселемен бетпе-бет келгенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Семен Линдер әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің және ағасының медальдерін жерге көмген сәті түсірілген видео жариялады.
"Аға, сен мәңгі менің жүрегімдесің! Бұл - біздің медальдарымыз!", - деп жазды Семен.
Ол ағасының өзін мойымай, мықты әрі адал болуға үйреткенін айтты.
"Ағамның алға қойған мақсаты болды, ол ауыр атлетикамен өмір сүрді. Бұл істі бәрінен артық жақсы көрді. Спортқа жан-тәнімен берілді, штанганы қатты жақсы көрді, сол арқылы өзін тапты! Оның мақсаты мен арманы болды! Ол еліміздің патриоты еді. Қазақстан туын мақтанышпен көтерді! Жүрегі кең адам еді...", - деп жазды Семен Линдер.
Оның сөзінше, Альберт жаттығу кезінде күйзеліске түсіп, қолын сындырған. Ал жаттықтырушысы жігітті мамандарға жібермеген.
"Ағам спорттан кеткеннен кейін ауыр жағдайға тап болды,көңілі қалды. Бәрі оны ұмытып кетті. Жаттықтырушысы бірнеше рет келіп, дәл сол күйінде жаттығуды жалғастыруға көндіріп көрді. (...) Содан кейін менің ағамның жаттығу жасамайтынын түсініп, ол да ұмытып кетті", - деп жазды Семен Линдер.
Айтуынша, спортшы абыройы асқақтап тұрғанда бәріне керек, ал кейін алмастыратын адам тез табылады.
"Ағам ауыр атлетикадан басқа салада өзін таба алмады! Ешкімге ештеңе айтпастан кетіп қалды! Менің ағам кетті!", - деді марқұмның туысы.
Ол сондай-ақ мұндай жаттықтырушы балаларды жаттықтырмауы қажет екенін айтты.
"Бұл әрекетінен кейін қалайша жаттықтырушы ретінде қызметін жалғастырып жатқанын елестете алмаймын", - деп толықтырды Линдер.
Ол кінәлі адамның заң бойынша жазаланатынына үміт білдірді.
Қазақстандық ауыр атлет, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы және Азия чемпионы Альберт Линдердің қазасы туралы 17 қыркүйекте белгілі болды. Ол небәрі 25 жаста еді. Өзін-өзіне қол салғаны хабарланды.
Бұған дейін ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы Илья Ильин Линдердің өлімі туралы айтып, спортшылар физикалық жарақат алып қана қоймай, психологиялық тұрғыда да зардап шегетінін жеткізді. Ол Қазақстанда мұндай атлеттер үшін қалпына келтіру орталығы жоқ екенін, тек бірнеше адам ғана спорттан тыс өмірде өз орнын табатынын жеткізді.