28 жел, 2017 сағат 12:36

Алаш ұстанымы – ұлт мұраты

«Өзінің күрескерлік күшіне сенбеген халық та, адам да

ешқашан өмірлік бәйгесін қолға түсіре алмайды».

Әлихан Бөкейхан.

Айтпаса сөздің атасы өледі.

Қазақ ұлты бәсекеге қабілетті, яғни өзіне тиесілі ұлттық бәйгеге, мәңгілік мұралы олжаға ие болуға қол жеткізу жолында сан қилы тағдырды бастан кешті. Сол кезеңдерде ұлтымыз Әлиханның: «Бәсекелі талас-тартысты күрес жоқ болса, өмір абақтыға айналар еді» деген қанатты сөзінен айрықша күш алды. Ал біз, қазақ қауымдастығы, бүгінгі таңда сол тәмсілдегі тірі қалған, бірақ қорғансыз күйде жүрген балапандар секілдіміз... Ұлтсыз, тексіз, дәрменсіз, әлжуаз, жұмыссыз, үйсіз, күйсіз, ең кедей... кеудемнен шықпашы жаным, шықпашымен ғана өмір кешіп жатырмыз. Қазақ ұрпағын өзге ұлт-ұлыстың аяғына тек жығып беруден, оның ұлттық рухын тірілуге жібермей, ой-санасын құлдықтан шығармай жаншудан әрі аса алмай отырған елміз. Бұл – тарихи факт. Бұл – әлемге аян. Бұл – айдан да анық ақиқат.

Айталық, біз Тәуелсіздікті жария еткеннен кейінгі 26 жыл ішінде қолдау мен қорғауға аса зәру кешегі балапандар қазір қарлығаш емес, ұлт, халық, ұрпақ, шәкірт қамы дегенде сұңғыла қырандарға, жанын қияр көкжал күрескерлерге жаппай айналып үлгеруіміз керек еді. Қазақ халқы өнегеліліктің шамшырағы әрі темірқазығына айналуы ауадай қажет еді. Сонда ғана ХХІ ғасырда тәуелсіз елдігіміз бен қаһарман ұлттығымыздың мәңгілік негізгі арайлы таңы алаңсыз дәрежеде жарқырап атушы еді. Әзірге, өкінішке қарай, құдіретті игіліктері мен ізгіліктері зор шуақты таңының бұл ауылы қашық... Біздің билік қазақтың мүддесімен санасып отырған жоқ. Өйткені өз ұлтын, өз халқын қалмақ тиіптес аяусыз тонаушы ұрлар мен қорлаушы қасапшылардың мемлекетін жасақтадық. Ұлтсыз, білімсіз, біліксіз, тәрбиесіз, тексіз, ар-намыссыз... болғандықтан қазақ республикасын орнықтыруға ешқандай да жол жоқ. Ұлттық ұтқыр ұстахананың табантасын озық дәрежеде қалау мен ұтқыр қалыптастыруға жол ашылар емес.

Әйтсе де, ерте ме әлде кеш пе, келешектегі есті де текті, кемел де сұңғыла ұлтшыл қырандар «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Әлихан көсемнің ұлы сөзінің шынайы мәні мен мағынасын терең түсінетініне, оны іс-жүзіне мінсіз асыратынына сенгіміз келеді. Ел күрескерлігі орасан зор ұлтшыл Ерімен ғана еңселі. Ел, ұлт үшін сіңірген қажымас қайсар өнегелі еңбегімен бағаланады.

Сол себептен де бүгінгі тәуелсіз атанған елдік, ұлттық тағдырға қатысты, һәм ұл-қыздарымыз бен шәкірттеріміздің тағдырына қатысты, ең көкейтесті де, ең түйткілді де, өзекті де өткір тағдыршешті мәселелерге байланысты отызға жуық жанайқайлы Ашық Хат пен Үрейлі Үндеудің жазылған мәтіндерін бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жария етуге қол жеткізіппіз. Расында да күрес 1959 жылдан бастау алған кешегі қызыл империя орта мектепті бітірген қазақ балаларын мал соңынан шығармай, мәңгүрттік пен кещелікке жығуды, малға айналдыруды ұстанған солақай саясаттың күшін қайткен күнде де тоқтатуға бағытталған күрестен басталып еді. Кейін ұлттық күрестің ауқымы мен өмірлік маңызы орасан зор түйткілді ұлттық мәселелерге ауысты және оның қоғамдағы ықпалы күшейе түсті. Мысалы, солардың кейбіреулерін ғана атап кеткеніміздің ешқандайда әбестігі бола қоймас. Сонымен олар:

–      «Анасыз – бала жоқ, Баласыз – қоғам жоқ» жетім-тастанды балалардың санының көбеюіне қатысты және басқа да көптеген ұлт тағдырына, әсіресе әйел тағдырына қатысты өзекті өткір мәселелердің шектен тыс ушығып бара жатқандығына байланысты Ашық Хат;

–      «Арал қасіреті – Адамзат қасіреті»;

–      «Қарт Торғайдың қарғысына ұшырамайық!» бес облыстың жабылуына байланысты Ашық Хат;

–      «Жерді сату – Отанды сату» немесе «Жер кімнің кім екенін анық айқындайды»;

–      «Қазақ халқы туберкулезден қалай қырылып жатыр?», «Туберкулез проглотит казахов разъедая как червь»;

–      «Сағақ үзбес мәңгүрт ұстаз кімге тиімді? немесе Жанқияр халықшыл нағыз ұстаз қашан қаулайды?»;

–      «Әлем Түркі, бірігіңдер!»;

–      «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі»;

–      «Асылдан, қазақ!»;

–      «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйыламыз»... сияқты басқа да көптеген өзекті ұлттық мәселелер жайында жан-жақты толық жазылған Ашық Хаттар, Үндеу Хаттар бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарық көрді.

Алайда, осы сияқты мәселелерге қатысты барлығы 30-ға жуық тағдыршешті ұлттық стратегиялық мәселелердің бет-пернесін айшықтап аша отырып, Ашық Хат пен Үрейлі Үндеулерді жарыққа шығару, бұл – жеңіл шаруа емес. Бұл – шындығында қиямет-қайымды мәселе. Бұл – тек айтуға ғана оңай... Әй, бірақ...

Әйтсе де билік өңшең көзбояу Ұраншылдықты, Даңғазашылдықты, Науқаншылдықты оздыра білуден алдымызға жан салмай озық шығудың рекордтық обыр үрдістерін ерекше тыңғылықты дәрежеде орнықтырдық. Ендігі жерде, келешек қазақ елінде Жалғандықпен ұшынудан жазылар, Өтірікпен тұщынудан арылар адал да таза, әділетті де қайырымды, жалпыхалықтық қоғамдық құрылымы жасақталар күні туар ма екен?.. Кім туғызады? Қашан? 

Әрине, ол кезеңдегі қасаң қоғамымызда осыншама ұлттық халықтық іс-шараларды кедергісіз оп-оңай жолмен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жария ете салудың өзі мүлде мүмкін емес еді. Қорлаушы сорақылық қиямет-қайымы зор еді ғой. Басқан ізің, сөйлеген сөзіңді нақақтан қаралап, қолдан жау жасап, есепке тізетін болғандықтан аңдушы мен азапқа салушы қырағы күйде болғаны ақиқат. Сол себептен де сан алуан қиямет-қайымның небір сорақы түрлерін бастан өткердік. Шынайы өмірлік шындық жаңғақ сияқты: сүйегі қатты, дәні тәтті. Ендеше киелі жер, қасиетті ел дегенде, һәм ұлт, ұрпақ қамы дегенде жанын қия білетін, адал туған шынайы дарын иелері жағдайдың ауыр-жеңілін таңдамайтыны, қолда байлықтың барына, жоғына қарамайтыны, қажетті бапты күтіп жатпайтыны даусыз.

Осыған байланысты Жүсіп Баласағұн: «Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде» десе, ал данышпан Абай хакім: «Өзіңде бармен көзге ұрып,  артылам деме өзгеден», – дейтін  үлгілі өнегесі орасан зор бұл өмірлік ғақлияттары кім-кімге болса да ең ұлы палсафа емес пе?! Иә, шындығына келгенде, ақыл-есі түзу, есті де текті, кемел адамға дәл солай екені ақиқат.  

Молдағали МАТҚАН

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы

Алтын медалдің иегері, қоғам қайраткері,

публицист-жазушы, академик.