17 там, 2018 сағат 12:23

Алаш баласы не істемек керек?

«Адам жер бетінде бай болу үшін емес,

бақытты болу үшін өмір сүреді».

Бейль Стендаль.

Келешегім, Алаш баласы, киелі Жеріміз бүтін, қасиетті Еліміз аман, ұрпақтарымыз ең бақытты ғұмыр кешсін десек...

Өмір дегеніміз өлімменен үнемі жарыса білуді оздыру, яғни сұңғыла қыранға айнала жүріп, шыңнан да әрі асқақ биіктерде самғай білу. Ең бастысы – ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелерімізді ерекше мүдделі құлшыныспен қалай болған күнде де бақытты ете білудің мақсатында біз, Алаш баласы, жаппай атқа қона білуіміз керек. Байлықты қолдан жасап алуға, оны көбейтуге болады. Ал ұрпақтарымыздың бақытына ешқандай байлық жетпейді. Бүгінгі және келешек ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеріміздің өмірлік баянды бақытын ақшаға сатып ала алмайсың. Оны сатып алу мүлде мүмкін емес. Олай болса, өмірлік бақытты дүниемен өлшемейік, ағайын!

Рухани иман мен білім-ілім – адам бойындағы ізденімпаз текті даналықты, кемел кісілікті, ойшылдықты, бекзаттықты оятып, қатар-құрбыларынан, замандастарынан оқшау оза түсуді арттырады. Ендеше, ендігі жерде, ағымдағы уақыттың ағысында ұлттың бүгінгі және келешек тағдырын жан-жақты терең ойласақ, рухы асқақ ұл тәрбиелей білуде, көркем мінезді, ақылды да парасатты, әдепті қыз тәрбиелей білуде бүгінгі қазақтан ерекше қатаң жауапкершілікті талап ететінін айрықша ескере отырып, бәріміз де жанқияр дәрежемен күресуге міндеттіміз. Өйткені бүгінгі қазақтың тағдыры қыл үстінде тұрғаны әмбеге аян. Ендеше бұндай өмірлік ащы шындықты еш жерімізге жасыра алмайтынымыз әлімсақтан белгілі. Жойқын айдаһарлығы орасан зор әлемдік жаһандану мен ғаламданудың обыр үрдістері ешкімді де аямайды. Онсыз да қазіргі таңда қазақ елі ұры-қарыдан, сыбайлас жемқор мен парақорлардан жасақтауды оздырып отырғандықтан қайырымы жоқ қатыгез, қаскүнем, жабайы, опасыз... қоғамға тап болдық. Бұл – факт.

Тәлім-тәрбие тамыры – салт-дәстүр екені даусыз. Дәстүр заңнан да, ханнан да биік. Қазақы тәрбиенің негізгі әдет-ғұрпымыз бен дәстүрімізден бастау алады. Сол себептен де жоғарыда атап өткен теңдесі жоқ бес прогрессивтік бағытындағы бастамашыл да жаңашыл ұлы ата салт-дәстүрлерімізді қайта қалпына келтіре отырып, оның ұтқырлығын оздыра білу мақсатында заман талаптарына сай оларды жаңаша жетілдіріп отырудың ұтқыр іс-шараларын шұғыл түрде қолға алуымыз ауадай қажет. Ең басты тағдыршешті стратегиялық мәселе – бүгінгі қазақ отбасында көрегенді де текті ірі кісілікке саятын кемел отағасылықты, кемеңгер көсемдікті, дана тұлғалылықты тезірек қалыптастыра білуге қатысты бәріміз де бір кісідей жұмылып, жанқияр дәрежемен атсалыса білуіміз аса қажет. Рухани жаңғыру – тәрбиеден бастау алғанда ғана қоғам оңға басады. Сонда ғана өрге өрлеу мен кемелдікпен өркендеудің жаңа тынысы жаңаша ашылады. Сонда ғана қазақ деген ұлттың ұлы көші мәңгілік елдікке бастайтын даңғыл да дана жолына түсетіні анық ақиқат. Әлемдік бәсекеге қабілетті ұл-қыздарымыз бен немере-шөберелеріміз көздегенін жығады, діттеген ұлы мұраттарына, өнегесі зор озық өркениетке басқа ел-жұрттан бұрын жетеді. Сонда ғана тәуелсіз елдігіміз бен кемелденген ұлттығымыздың тұғыры нықтала түсіп, көк Туы мәңгілікке көкте желбірейтіні даусыз.

ТҮЙІН 

«Қыран құсты қыран етіп, аспанға самғатқан екі қанаты,

ал адамды адам етіп, қырандай самғататын, арманы мен мақсаты».

Жүсіп Баласағұни.

Келешегім, Алаш жастары, ХХІ ғасыр сахнасында жарық жұлдыздай жарқырап, ешкімге де кіріптарсыз тәуелсіз елдік дегенде, ұлт, ұрпақ қамы дегенде, ұлттық намыс пен рухты ешкімге де таптатпаудың қамы дегенде теңдесі жоқ дәрежеде жанқияр күрескерлікпен жаңаша қаулап, жана білуге, озық дегеннің өзінен де оза білуге міндеттісіңдер! Сонда ғана ұлы ата-бабаларымыздан, әке-шешеден, ата-әжеден, қатар-құрбы, замандастардан оқ бойы озық болып, ең жарқын бақытты күйде ғұмыр кешесіңдер.

Кеше мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің арасындағы табиғи, тарихи байланысты зерделеп қарасақ, Жазушы-Ақын, қоғам Қайраткері мен Ғалым, Ұстаз бен Әке-шеше, ата-әже, қысқасы бәріміз де замананың прогрессивті жаршысы, қоғамның қозғаушы ғаламат күші, ұлттың теңдессіз қолдаушы-қорғаушы панасы, ұл-қыздарымыз бен немере-шөбере, шәкірттеріміздің көреген кемел ағартушысы, кемеңгер көземелдеуші жанқияр жанашыры ретінде әрқашанда Биік тұлға болып, ұтқыр дәрежеде ғұмыр кешуге міндеттіміз. Байтақ ел, ұлттың, халық, ұрпақтың жоғын тұрақты түрде жоқтай алмайтын, сөзін айта алмайтын, ұлтты тәрбиелеуді оздыра алмайтын күрессіз пенде тұлға емес, зиялы адам да емес, ұлтсыз, опасыз, екіжүзді сатқын... десек, бұл шындыққа бек жанасады. Қандай қоғам болмасын, ұлттық ой-сананы үнемі өзгертіп, жетілдіріп, оздырып, сананы сергітіп, серпілтіп, рух пен намысты асқақтатып, Ұлы Даланы дүбірлете атқа қаулап қона білу, бұл – бүгінгі жастардың ең ұлы әрі ең жауапты ұлттық өнегелі істері міне – осы.

Өткеннен мысал келтіре кетелік. Аттандап атқа мініп, жоңғарға қарсы қол бастағанда Сартай батырдың жасы небары 15-тен асқан екен, Қазақстанның бүкіл жастарын жаңа биік мақсаттарға бастайтын кемел көсемі бола білгенде Ғани Мұратбаев 20 жаста екен, қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болған Сұлтанмахмұт ақын жалған дүниеден 27 жасында о дүниеге аттаныпты. «Оян, қазақ!» кітабы шыққанда Міржақып Дулатов та 25-тің төріне жаңа ғана шыққан, Мұхтар Әуезов болашақ қоғамның даму бағытындағы ізденістер мақсатында «Япония» мақаласын жазғанда жасы 20-дан жаңа ғана асқан екен.

Ендеше тәуелсіз ел атанған бүгінгі қазақ қауымы, әсіресе жастары, Сіздер, киелі Жер, қасиетті Ел, тәуелсіз Елдік тағдыры дегенде, ұлт, ұрпақтың Бүгінгі және Болашақ алаңсыз қамы дегенде не тындырып жатырсыздар? Шырқыраған өмірлік, қоғамдық, мемлекеттік ақиқат-шындықты дер кезінде ашық айта білуге қатысты, қысқасы ұлттық намыс пен рухты асқақтата білуге қатысты әрбір отбасы рухани жаңғыру және қайсар күрескерліктің ұлағатты өнегесі қандай күйде? «...Сендер ойламай кім ойлайды ұлтыңды? Бәріңе де бірігетін күн туды. Өткендердің ерлігіне тығылмай, Өзің қандай ерлік қылдың бүгінде? Батыр болсаң, аламын деп қызыңды, Қара қытай бермес еді жарнама. Алаш айтқан бір сөзге мән бердік пе? Шын азамат сыналады ерлікте!..» деп ақын Ринат Зайытовтың жанқиярлықпен атойлап, қан жылауы неліктен, ағайын?

Ұлттық аманатқа қиянат жасау – аса ауыр қылмыс. Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып, азып... жеттік. Алаш Арыстары мен Алыптары қалдырған аманат-өсиеттерді іске мінсіз асыра білу, бұл – бәріміздің де алдымызда тұрған ең жауапты ұлы іс. Олар күресе білді, рухты жанып өтті. Бүгінгі қоғамды, һәм қазақты рухсыз қызыл сөз ширатпайды, қатты сын ширатады, қамшылай білудің өткірлігі серпілтеді. Ұлттық ұлы мақсаттарды алдымен әр отбасынан талап ете білетін тек ұлы халық, өз ұлтын төбесіне көтере білетін көреген кемеңгерлігі зор, есті де текті көсемдік. Асыл ата салт-дәстүрді заман талаптарына сай тезірек жетілдіре отырып, жаңғырту, жаңарту, асылдандыру, озықтан да оздыра білу, бұл – кезек күттірмейтін тағдыршешті ең өзекті де өткір мәселе. Бұрынғы бүткіл ауыл-аймаққа күнделікті қорған бола жүріп, ел, ұлт, ұл-қызды тезге сала білген текті ақсақалдарды кім құртты? Бұл кімге тиімді болып отыр? Текті аталардың ұрпағы, тек біз солардың орнын баса алатын лайықтыларданбыз! Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры.

Молдағали МАТҚАН

Әлем халықтары Жазушылары Одағының мүшесі,

Халықаралық Мұстафа Кемал Ататүрік атындағы Алтын медалдің иегері,

қоғам қайраткері, публицист-жазушы, академик.

Ұқсас жазбалар:

Біз қандай ұлтпыз?

Ұлы Далада ұлағатты ұлылық қалай қалыптасты?

"Әйелден ұят кетеді, еркектен намыс қашады..."