Шығыс Қазақстан облысындағы Алакөл мен Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы жерлер сатылмайды. Облыс әкімі Даниал Ахметов осылай мәлім етті деп хабарлайды, "Ұлт ақпарат" аймақ басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Туристік кластер шоғырланған Алакөл мен Бұқтырма су қоймасын дамытуға арналған кешенді бағдарлама жасалуы керек. Және аталған екі аймақта жер сатуды тоқтату керек», - деді Даниал Ахметов.
Облыстық маслихат сессиясында сөз алған аймақ басшысы сондай-ақ, өңірдегі кейбір су қоймаларының емдік қасиетін зерттеу қажеттігін алға тартты. Сарапшылардың алдын-ала жасаған мәліметіне жүгінсек, судың ерекше құрамының арқасында олардың 60 пайызға жуығы емдік қасиетке ие көрінеді.
Осы орайда ШҚО әкімі алдағы жазғы маусымға дейін көлік қатынасына қатысты мәселесі түбегейлі шешуді тапсырды. Нәтижесінде, автокөлік жолдары жөнделеді, Өскемен-Шар-Жалаңашкөл стансасы бағытында теміржол бағдары іске қосылады.