29 қаң, 2017 сағат 11:47

"Әл мен әлек" (Қанат Исламға)

Назарларыңызға қарағандылық жазушы Болатбек Тоқмырзаның "Әл мен әлек" атты әңгімесін ұсынамыз. Бұл туынды қазақ боксының мақтанышы Қанат Исламға арналған.

ӘЛ МЕН ӘЛЕК 

(Қанат Исламға)

Астымда тобылғы торы қасқа атым. Қар жауып кеткеннен кейін орылған арзан арпаны армансыз жеген атым арындап-ақ келеді. Жем жеген атпен жүргенде желдің арттан болғаны құрысын. Маңым әлемтапырық боп бара жатқан соң, атты тебініп қап, жортып қыр басына  шықтым. Қапырық ыстықта желге қарсы тұрып, самалға бетіңді тосқан қандай керемет! Не деген ғажап дүние! Ұланғайыр дала! Иен далада атпен жүрудің рақатын сезінген сайын көздерім жұмылып,  үзеңгіде ақырындап түрегелдім. Даланың жұпар иісіне елітіп, күні бой ерде отыра – отыра терлеп кеткен тақымыма жел тиіп, бойым сергіп сала бергені сол еді, бызылдаған бір бүгелік атты тұрғызбады. Қаражарды бетке алып желе жөнелдім.  Желе – жортып отырып, «Тастанды»  ауылының сыртындағы қырдан бір – ақ шықтым. Қырға шыққам ауылдың бір шетінде қараң – құраң еткен адамдарды байқап қалдым, анығырақ көрінбеген соң, жоғарыға қарай көтерілгем.  Кісі жерлеуге келгендей ылғи ер адам жиылып қалыпты , ығы – жығы  «бұл не болды екен?» деп аттың басын солай бұрдым. Бірақ, бұл ауылдың бейіттері ауылдың екінші жағында еді ғой, жолай ешкім көрінбеді, өздерімен өздері тұрған. Жалғыз қорым ғана болатын бұл ауылда. Қалың нөпірге қарай ауылдан құлындап келе жатқан еркек қаншама. Кезінде қысы – жазы тірлігі қайнап жататын баздардың ара – арасымен, ескі маяның орнымен жиылған жұртқа қарай тарттым. Әшейінде бөтен аттылыны көрсе түк көрмегендей аңтарылатын ауылдықтардың менімен жұмысы жоқ. Қастарына таман жақындағанда ғана байқадым естері кетіп, әтеш төбелестіріп жатыр екен. 

- Ассалаумағалейкум,- деп сәлем бердім атты байлай сала, мені танып қарсы келе жатқан Сабыр құдаға,

- Уағалейкумассалам, құда, қайдан адасып келдің?

- Аса қатты адаспаған сияқтымын, бөтен ауыл емес қой. Мұнда соншама не болып жатыр, әтешке бола осынша адам жиналған ба, әлде басқа да бірдеңе болып жатыр ма?

- Ойбай, құда, дәл келдің, қырғын болайын деп жатыр, мына төбелстіріп жатқа жәй әтештер, қызық енді болады, үндеме.

- Кім мен кім, біздің жақ кім?

- Жүр, құда, жоғарырақ отырайық, қызық кішкенеден соң басталады,-деп, көпшілікке жеткізбей, шоқпар тасты қырға бастай жөнелді. Сәл көтерілген соң бір бұжыр тастары бар жерге жайғастық. Қалтасынан сіріңке алып, сіріңкеден шымшып мақта алып, мақтаға екінші қалтасынан алған шақшасынан бұйра насыбайды бала құндақтағандай қымтап, ернінің үстіңгі жағына нығарлай салды. Тістерінің арасынан шырт еткіп түкірді де:

- Осында Қапан деген жігіттің керемет әтеші бар, қырық – елу рет төбелеске шығарды, әлі жеңілмеген. Биыл нағыз кезінде екен, биылғы төбелестірген қораздардың он екісін де жарып тастады!

- Жарып тастағаны қалай, ит болып кеткен ба? Соншама не әтеш ол?

- Ойбой, өткенде, қалаға апарғанда екі әтештің бөтегелерін тепкісімен теуіп қап тіліп түсіпті. Біреудің шет елден әкелген әтеші біздің әтештен екі есе үлкен болған ғой, соны да өлтіріп тастапты, - деп құдам Қапан құрдасының әтешін ауылдың баласы олимпиадаға барып келгендей мақтап отыр. Әккіленген әтештердің қарсыласын төбелескенде әлгіндей өлтіріп тастайтынын естігем. Сонда да құдамды қамшылай түскім кеп:

- Рас па? – дедім.

- Ойбу –ау, құда, саған өтірік айтып нем бар, тыңда, әлі айтып болғам жоқ. Енді сол әтешті Қапанның ұлы бір қырғи мен ба, қара құспен ба,  балалар ұстап алған бір  құспен төбелестірсе, оны да өлтіріп тастапты.

- Немене, мынауыңыз енді таза өтірік қой, тауық қырғимен төбелесті деген не сандырақ?

- Тырп етпе, қазір өзің көресің.

- Нені?

- Мына елдің жиылып тұрғаны сол! Осы ауылда Бауыржан есімді бүркітші бала бар, соның бүркітімен Қапкеңнің әтеші төбелеседі бүгін.

- Астапралла! Естімеген елде көп.

- Иә. Қапан деген- менің досым, осында «Әтеш төбелесі» ұлттық спорт түрінің  ұйымдастырушысы, бәс тігісіпті, бәске – бір айғыр бес жасар. Кеше бір тойда саятшылық туралы әңгіме құрып отырған бүркітші Бауыржанмен егесіп қалған ғой. Дау арасында «менің әтешім кеше бір құзғын ба қырғи ма, бүркіт пе білмеймін, бір құстың бөтегесін айырып тастаған, сенің құсың қырғын болса төбелестірейік» деп, қызды – қыздымен бәстесіпті.

Содан қол алысып тарасыпты. Бүгін осында үште болады деген ұрысты.«Жүре берсең көре бересің деген» деп, әліптің артын бақтым. Ортадағы алаңды жағалай отырған елдің бәрінің әңгімесі – әйгілі әтеш. «Бауыржан балалық жасады», « Былтыр ғана қиядан қияметпен алған құсын аямай ма?» «Бүркітке обал болды» - ға саятын әңгімелерді ести – ести, бағана күлкі – кекесінмен қабылдаған төбелеске, «қыран әлі жас екен»  деген оймен күдік те бас көрсетті. Қапанның әтешін  Хосе Аркадио Буендоның әтеші дерсің.

Бір кезде гулдсіп отырған елдің шетін ала Қапанның джипі кеп тоқтады. Американың спортшылар болады ғой, өздерін өздері жұлып жеп жүретін, Қапанның ұлы құдды келген солардың біреуі сияқты. Машина тоқтасысымен ашылған есігінен жерге екі аяқ түсті. Ел тына қалды. Машинаның артқы есіген ашып, әкесін түсіріп, арнайы тордағы «Қандыбалағын» алып , алаңға беттеді. Сәттілік тілеп жатқан тілеулес ауылдастары, туған – туыстары жарылып жол беруде. Алаңға кіріп асықпай торды жерге қойып, әтешті торынан шығарды.  Әтеш те жұлдызды сәттің басты себепкері екенін сезгендей, кез – келген тауық шошып қашатындай дүр еткізіп сілкінді. Өзінен қорқатын балалардың алдында адам танымастай шалқайып кететін есер  бала ұқсап, қоқаң – қоқаң етіп қояды қораз. Көйлектің етегінен етектің ішінде өзінен әлдеқайда зор сан барын меңзеп тұратын тоқ балтырлар  болады ғой, дәл сондай тоқ балтырдардай екен әтештің саны, белін тартып тастаған кәдімгі зілтеміршілер сияқты. Денені қысып тұратын көйлек киген толық әйелдер болады ғой, сондай жеңгелер сияқты буылтық – буылтық денелі сұмдық әтеш екен. Мойыны да күш иесіне тән шып - шымыр. Мойны мен қанаттарының ұшы және құйрығының қауырсындары күннің көзімен мың құбыла шағылысып, Әтештің айбарын асыруда. «Әй, дәл мынандай әтеш көрмедік, мынауың қасқырға қарсы шабар» дегенді естіп, Қыранды жақтап тұрғандар күмәндана бастағандаймыз. Ешқандай қолпаштаусыз, ортаға құсын қолына отырғызып Бауыржан келді. Қой көзді, сабырлы қалып, иықты жігіт екен. Мейірімді көзінің әр жағынан бұлқынған күштің қайраты да жарқ ететіндей, әтешке назар салмастан иесіне қарап : - Қапан аға, мүмкін ойланарсыз, кеше тойда дегендей..., бәстеспедік дей салайық, тауық  - үй құсы, Бүркіт – қыран құс! Бәсті кешем! Пайда тауып жүрген құсыңыз ғой, аяй салыңыз, - деді биязылық таныта.

- Мен «ердің екі сөйлегені – өлгені» деген ұстанымдағы жігітпін, айттым – бітті, «бүркітімді зақымдап аламын» деп қорықсаң, өзің ашып айт, мен кешейін бәсті! – деді  «алтын айдарлы» әтештің иесі паңдана.

- Жарайды, аға, - деп жымиып, бүркіт иесі ортадағы қоршауға кіріп, ортада жатқан білектей тас – тұғырға  бүркітін отырғызып, томағасын сыпырып алды. Бүркіт басын сілкіп қалып, жан – жағына бір қарады да, томағасыз отырғанын місе тұтқандай сабырлы қалпынан өзгермеді. Тәубәшіл, ауылдың қазағы сияқты немқұрайлы отыр.

- Ұрыстың ең жауапты сәті жақындап келеді. Ауылдың әумесерлеу бір жігіті ортаға атып шығып: - Құрметті ағайын! Алдарыңызға елу үш рет жекпе – жекке шығып, жеңіліп көрмеген чемпион! Он екі әтешті өлтіріп қоймай, бір қыран құсты да жер жастандырған , Қапан ағамыздың алтын айдарлы әтеші – Джонс ,қарсы алыңыздар! - деді. Ел шу ете қалғанда, өзін айтып жатқанын сезгендей әтеш те мойынын дөңгелентіп, гүжірейе қалды.

- Және, бүгінгі  жекпе – жекте « Джонс» чемпионмен қарсы шығатын Аңшы Бауыржанның бүркіті – Алпан! – деді жүргізуші.

 Стадионда немесе халықаралық турнирде отырғандай айнала               ысқырық, у – шу болып кетті.

- Бүркітінің басынан сипап қана Бауыржан да қаннен қаперсіз отыр, ортада  оларға қарама – қарсы әтешінің қанаттарын қыса ұстаған Қапан мен ұлы келеді. Ұлы мойнына монша орамалын асып алған, қарсы отырып, әтештерін бүркітке лақтырып қалатындай ишара жасап, әтешін төбелеске дайындап қойды. Әтеште алдымда бүркіт отыр-ау деген қорқыныш, үрку нышаны байқалмайды да, керісінше мойны қауырсындары дөңгелене үрпиіп, төбелеске дайын екенін білдіргендей жерді тарпып – тарпып қояды. Жағалай отырғандар да мойындарын ішіне алып, жағалары төбелесердегі әтештің мойын қауырсындарына ұқсап ,барлығы қарсыласының қимылын  баққан әтештер сияқтанып кетті. Қаншама әтештердің ортасында бүркіт иесімен екеуі ғана қалғандай. Бүркіт бейшара еш қауіпті аңдап отырған жоқ, иесі де  жайбірақат отыр.

- Қапанның «біз дайын» дегендей ортадағы төрешіге ым қаққанын байқаған ел сілтідей тынды. Әтеш бүркітке шүйліге қарап, жұлқынып тұр, бүркіт бейқам. Төреші Қапекеңе тағы бір қарап алды да, қолын төмен қарай сермеп қалды. Қапанның ұлы қысып ұстап отырған әтешін бүркітке қарата  демеп қалды, Әтеш қос тепкісін қос қанжарша бүркіттің кеуде тұсына қарай тепсіне бағыттап, бірақ ұшты. Тып – тыныш боп тына қалдық. Осы сәтте бүркіт шапшаң қимылмен өзіне қарай  ұшып келе жатқан әтешті бір аяғымен қағып алды да, табанына салып тұмсығымен өкпе – бауырын суырып алып, қылғып салды. Қандай да бір жілікті тұтас жұтқанда жұту қиындаса, жілікті жұтқыншағына ұстап , басын бір жағына қисайтып қап, жілікті сындыра салады деп еститінмін бүркітті. Өзіне қарай төбелеспек боп, ұшып келе жатқан әтешті біреу тамақ лақтырды деп ойласа керек.

-  Ел «Ууу», «Уухты», «Мә» десіп, гуілдеп кетті. Абыр – сабыр болып кетті алаң. Күні бойы жиылған ел жабылып талғажу әкеліп бергендей Бүкең алаңсыз алдындағы дәмінен алып отыр.

Табанындағы әтешті жұлмалап жатқан бүркітке томағасын кигізіп, әтештің қалғанын лақтырып тастаған Бауыржан қыранына «кешеден аш едің, осы жегенің жетер, әйтпесе тоятың қайтпай қояр» деп сөйлеп жүр.

Қапан қап – қара болып кетіпті, ләм – мим. Бүркітін қолына қондырып , шығар есікке беттеген Бауыржанның алдына Қапанның ұлы ерттеулі тұрған бестісін жетектеп әкеп, шылбырын ұстата берді. Түр жоқ.

Қасыма қарасам құдам жоқ, машинасына қарай жұлқынып бара жатқан Қапанды қуып барады. Елдің бәрі қолдарын сермесіп, біреулері «Айттым ғой, Қыранның аты қыран деп, қалай ә! Сезінген де жоқ қой, тамақ тастап жатқандай жұта салды, пах!» десіп мәз, көпшілігі әтешке таңдана тарасып жатыр. Джонс екуіміз жайымызға қалдық.

Байлап кеткен атыма келсем, тері әлі басылмапты.

Болатбек Тоқмырза,

Қарқаралы

Ұлт порталы