Премьер-лигада өнер көрсететін «Ақжайық» футбол клубының бас бапкері, украиналық маман Владимир Мазяр орнында қалатын болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мазяр ел чемпионатының 16-турында Алматыда «Қайратпен» өткен матчтан кейін өз орнынан кететіні жөнінде мәлімдеген болатын.
«Ақжайық» футбол клубының басшылығы осыдан соң ойыншылар мен бас бапкердің арасында кездесу өткізген.
«Клуб ойыншылары бапкерді толықтай қолдады – бұл басшылыққа оның орнынан кетуі жөніндегі өтінішін қабылдамауға негіз болды. Жазғы трансферлік кезеңде команда жаңа ойыншылармен күшейтіледі. Бұл команданың ішіндегі бәсекелестікті арттырып, жағдайды түзеуге септеседі», - деп хабарлады «Ақжайық» футбол клубынан.
Қазіргі кезде оралдықтар турнир кестесінде 12 ұпаймен 13-орында, яғни бірінші лигаға түсіп қалу қаупі төніп тұр.
«Ақжайық» 8 шілде күні Қазақстан кубогы үшін Қызылордада жергілікті «Қайсармен» кездеседі.