26 шіл, 2016 сағат 16:57

Ақындар шықты шеруге

6 шілде 2016 жылы Астана қаласының «Конгресс-холл» сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына, Астана күніне арналған «Бағаналы ордам – басты ордам» атты республикалық ақындар айтысын тамашалаудың сәті түсті.

Мен бұған дейін соңғы кездердегі ақындар айтысын тек қана теледидардан көріп, ақындарға қатты ренжитінмін, бұлардың бәрі «Сарай ақыны» болып кеткен бе, - деп. Ақындарымыздың орыс тілді билікпен бірге халықтан алшақтап бара жатқаны жайлы, сыни көзқарастағы мақаламды да дайындап қойғанмын. Бақсам «баққаным бақа екен» дегендей, жағдай мүлдем өзгеше екен. Менің сол жердегі білетіндерден өз құлағыммен естігенім, ақындардың өткір сындары эфирге шығардан бұрын цензурадан өтетіні және өз көзіммен көрген ақындарымыздың айтысы менің ойымды өзгертіп ол мақаламды қоқысқа лақтыруға мәжбүр етті.

Осы айтыстан азулы небір билер айтуға тайсақтаған шындықты Шыңғыс ханға жеткізген Кетбұға жырауды, Абылайды астамшылықтан сақтандырып, кемшілігін бетіне басып «Сен кешегі Төле бидің малын баққан құлы едің» деп сынаған Бұхар жырауды, «Хан емессің қасқырсың» деп Жәңгір ханды «сойып салған» Махамбеттерді көргендей болдым.

Бір қуанарлығы Астана қаласының әкімдігі ақындар айтысын Елорда күнін мерекелеу қарсаңында дәстүрге айналдырып оныншы рет өткізген екен. Осы дәстүрді Атам Қазақтың «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген қағидасын басшылыққа алып Қазақстанның барлық облыс, қала, аудан әкімдіктері жалғастырса «Нұр үстіне Нұр» болған болар еді.

Айтысты ақын, тәуелсіз Қазақстанның «Ақындар айтысының» атасы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман жүргізді.

Ақындар айтысының қазылар алқасының құрамында танымал суырып салма ақын, ғалым Аманжол Әлтаев, ҚР Халық ақыны Қонысбай Әбілов, белгілі айтыскерлер Дәулеткерей Кәпұлы, Серікзат Дүйсенғазиндер болады.

Айтыс барысында, 12 ақын нақтырақ айтсам, Айбек Қалиев, Сара Тоқтамысова, Мейірбек Сұлтанхан, Аспанбек Шұғатаев, Еркебұлан Қайназар, Дидар Қамиев, Жансая Мусина, Болатбек Оразбаев, Серік Қуанған, Даулет Ерлан, Рүстем Қайыртай және Өміржан Көпбосындар елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтар да бірінен-бірі асып түсті. «Есі бар, естір құлаққа» жеткен жетістіктермен қоса, бүкіл қарапайым қазақтың барлық мұңын, зарын жерін жеткізе жырлады. Тілге, дінге, салт-дәстүрге жасалып жатқан қиянаттар мен Атамекен - туған жердің саудаға салынуына байланысты халықтың ойын ақындарымыз ашып айтты. Әсіресе, Айбек Қалиев қазақ қоғамындағы ең өзекті мәселелерді жырмен өрнектей келіп, соңғы айлардың бедерінде халықты қатты алаңдатып отырған жер мәселесіндегі Үкіметтің әрекетін өткір сынға алды. Айтыскер ақындардың тіл туралы, дін туралы, жер туралы жырлағандары залдағы қалың қазақтың көкейіндегісін дөп басып, ақындардың әр сөзіне  дуылдата қол соғып, айқай ұранға басқан да, құлақ тұнып, зал теңселіп кеткендей болды. Өзімді Орталық алаңдағы шеруге қатысып отырғандай сезіндім. Зал да жоғары лауазымды билік иелерінің болмағандарына қатты өкіндім.

Енді осы айтыстан түйген өзге де тұжырымдарыма тоқтала кетейін: Көрермендер құрамының дені жасы үлкен қариялар мен орта жастағылар болды. Жастар жағының онша көп көзге түспегенінен қазіргі жастардың ұлттық құндылықтардан алшақтап бара жатқанын аңғарғандай болдым.

Осы ел мен  жердің бірден-бір иесі, өз Атамекендерінде отырған мемлекет құраушы қарапайым Қазақ пен Орыс тілді билік арасының қаншалықты алшақ екендігін  бұрынғыдан да бетер айқын сезіндім. Екі мыңнан астам көрермендер арасында шенеуніктер саусақпен санарлықтай ғана болды. Орыс тілді шенеуніктердің бірде-бірінің бұл айтысқа қатыспайтыны өз-өзінен түсінікті.  Айтысты тыңдап шындықтан шошынған Нұр Отан мен Қала әкімшілігінің өкілдері үзілістен кейін айтысты жалғастыруға тыйым салып, айтысты аяғына дейін жеткізуге мүмкіндік бермеді.

Ақиқатын да, «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дегендей, билікке сыннан қорқудың еш қажеті жоқ еді. Керісінше, халықпен бірге болып, туындаған мәселені халықпен бірге талқылап  шешкендеріңіз де абыройларыңыздың асқақтайтыны айқын. Жоғары да көрсетілген, ежелгі замандардағы Шыңғыс ханның да, Абылайдың да, Жәңгір ханның да, солар сияқты өзге хандар мен қағандардың ешқайсысының айтылған сыннан абыройлары кеміген жоқ. Қайта керісінше, олардың сынға төзімділігі, одан қорытынды шығара білетіндіктері қай-қайсысының да абыройларын асқақтатып тұр. Демек, айтысты аяғына жеткізбей тыйым салудың орнына, билік басында жүрген жоғарғы лауазымды билік иелері, халықтың мұңын өз құлақтарымен естіп, халық көтеріп отырған өзекті мәселелерді оңтайлы шешу шараларын алғандары дұрыс болар еді.

Айтыс барысында еліміздегі діни ахуал жайлы да  біршама сындар айтылуына байланысты, залдан дін қызметкерлерін іздедім. Әшейін де мешіт түгілі, көше де бастарындағы тақияларын, үстеріндегі  жеңіл шапандарын  тастамайтын дін тізгінін ұстаған мешіт имамдарынан да, қысқа балақ, сақалды салафилерден де ешкімді көрмедім.  Бұдан дін мен мешіт бөлек, билік бөлек және олардан қарапайым қазақт бөлек екенін аңғарғандай болдым. Егер де КМДБ басшылары қазақ ұлтының қамын  ойлар болса, осы шараға қатысып, өздеріне керек мағлұматтарды халықтың өз аузынан тікелей естіген болар еді.

Қазақстанның қазақтан басқа 139 ұлтын құрайтын «Ассамблеяның да»  қазақпен ешқандай мәдени байланысының жоқ екеніне осы жерде көзім айқын жетті. Залда өзге ұлттың бірде-бір өкілі болмады десе де болады.

Жоғары да көрсетілгендерден шығатын қорытынды, Қазақстанның орыс тілді өкіметі 25 жылда мемлекеттік тілдің «есіктегі басын, төрге шығара алмағандықтарының» салдарынан Қазақстанды мекендеген ұлттарды, мешіттерді және әр түрлі діни қауым өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлты мәдениетінің  маңына топтастыра алмаған.

Тарих тағлымы: Қазақтың қара домбырасы мен айтыс өнері бүкіл әлем елдерінің ең ежелгі   мұралары ретінде «ЮНЕСКО» тізімін де тұр. Сөз түсінген адамға ақындар айтысы ешбір елдің қолы жетпейтін, еш бір елдің бағына бітпеген, әлем мәдениетінің ең биік деңгейіндегі  ӘДІЛЕТ  іздеудің және оны қоғамға да, билікке де жеткізе білудің ең жетік үлгісі болып табылады. Өткен тарихқа үңілсек, бұл шыңға қазақтан асып ешбір ел шыға алмаған.

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім, Маңғыстау

Ұлт порталы