Талдықорған қаласында Қазақстан Жазушылар одағының аймақтық филиалы ашылды.
Елдегі ең ірі шығармашылық ұйымының Жетісу жеріндегі бөлімшесін ақын Ерлан Жүніс басқаратын болды. Бүгін жетісулық зиялы қауым өкілдеріне филиалдың жаңа директорын одақ төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек таныстырды.
Ақын Ерлан Жүністің есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Ол «Хауас», «Үміт жырлары» сияқты бірнеше жыр жинақтарының авторы. 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» фестивалінде гран-при мен Президент кубогын жеңіп алған. Мемлекеттік сыйлық пен «Дарын» сыйлығының иегері.
Поэзияда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған ақын енді жетісулық қаламгерлердің мүддесін қорғауға қызмет етпек. Әрі түрлі әдеби іс-шараларды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысады. Өңірдегі жазушылар одағының 120-дан астам мүшесі бар.
Ақын-жазушылар одақ филиалының жас әрі жаңа басшысына зор сенім білдіріп, қызметіне табыс тіледі.
Айта кетсек, Ерлан Жүніс Төсбайұлы, 1984 жылдың 7-ші қарашасында Алматы облысы, Жамбыл ауданында дүниеге келген.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінде «Жыр-перзент» деген атпен алғашқы жыр-жинағы жарыққа шықты. 2002 жылы Тараз қаласындағы М. Х. Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Университеті «Әлем тілдері» факультетіне оқуға түсіп, 2007 жылы «филолог, әдебиетші» мамандығын алған. «Кентавр» әдеби апталығында қызмет етіп жүріп, «Қазақ әдебиеті» және Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газеттерінде қызмет еткен. Қазір Қазақстан Жазушылар одағында референт-әдеби кеңесші қызметін атқаруда. 2006 жылы Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша Гран-При және Президент Кубогін иеленген. «Киелі түндердің дұғасы», ««Егіз кітап» («Twinbook»)», «Хауас», «Үміт жырлары» атты кітаптары жарық көрген. 2012 жылғы Мемлекеттік Стипендияның иегері.