Сенат депутаты Ақылбек Күрішбаев аграрлық ғылымды тежеп отырған проблемаларды атады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Аграрлық ғылымның тиімділігін тежейтін, өз қолымызбен жасап отырған себептердің бірі – аграрлық ғылыми жобалар мен бағдарламаларды іске асыру мерзімінің шектеулігі. Бізде ғылыми конкурстардың талабы бойынша оған 3-ақ жыл беріледі. Бұлай ауыл шаруашылығы ғылыми зерттеулердің уақытын шектеуге болмайды. Себебі аталған саладағы зерттеулер бюджеттік жоспарлау мерзіміне емес, ауа-райының ерекшеліктерімен байланысты», - деді Ақылбек Күрішбаев Парламент Сенатының ғылым жөніндегі заң жобасын талқылау кезінде.
Оның айтуынша ешбір елде ауыл шаруашылығындағы жаңа сұрыптар, технологиялар 3 жыл ішінде жасалмайды. Кеңес одағы кезеңінде ғылыми зерттеулерге кем дегенде 5 жыл уақыт берілетін.
«Қазір біз өзіміздің ғылыми жобаларымызға шетелдік ғалымдарды тарта алмағандықтан, шетелдік технологиялардың трансфертін қамтамасыз ете алмай отырмыз. Себебі біздің серіктестеріміз 3 жыл мерзімде ауыл шаруашылығында маңызды ғылыми нәтижелерге қол жеткізудің мүмкін еместігін түсінеді. Демек, аграрлық ғалымдарымызды біз өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз. Әрине, осыдан кейін өндірістің сұранысын өтей алмайтын, «шикі» ғылыми жобалар пайда болады», - дейді ол.
Сенатор жалпы, қазақстандық ғылымның қазіргі деңгейін көрсететін төмендегі деректерге назар аударуға шақырды.
«2020 жылғы «Жаһандық инновациялық индекс» рейтингісіне сәйкес, Қазақстан инновациялық қызмет тиімділігі көрсеткіші бойынша тек 77-орынға ие болды. Дамыған елдер туралы айтпағанда, біз Ресей мен Белоруссиядан айтарлықтай артта қалып, Армениядан, Моңғолиядан, Ямайка және Панамадан да төменгі орынға түстік. Ал өзіміздің статистикалық деректерімізге сүйенсек, 2019 жылы біздегі инновациялық өнім көлемі елдің жалпы ішкі өнімінің небәрі 1,6%-ын құраған, осы көрсеткіш бойынша біз Ресейден 8 есе, дамыған елдерден 20-30 есе артта қалып отырмыз. Неге бұлай? Басты себеп – ғылымды қаржыландырудың жеткіліксіздігі», - деді ол.
Сенатор еліміздің ғылымы саласында «велосипедті» қайта ойлап таппай, әлемде жинақталған тәжірибені қолдана отырып, ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи жүйесін енгізу керек деп есептейді.
«Біз Білім және ғылым министрлігі жұмысының қаншалықты күрделі және көп қырлы екенін түсінеміз. Құрметті Асхат Қанатұлы, өзіңіздің басшылығыңызбен білім-ғылым саласында біраз оң нәтижелі жұмыстар жүріп жатыр. Сонымен қатар, Сізден ғылымның сапалы ғылыми әлеуетін қалыптастыруға қатысты жоғарыда айтылған басым міндеттерге назар аударуыңызды сұраймын», - деп түйді ол.