Алматыда 3 адамның өмірін жалмаған Ілияс Карға қатысты сот отырысында болған оқиғаны көзімен көрген куәгерлер сұралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Болған оқиғаны есепші Елена Никонова көрген. Оның айтуынша, сол күні жол ашық, көше таза болған. Әйел Сейфуллин көшесімен Абай даңғылына таңғы 5 шамасында бағдаршамға келіп тоқтаған.
Бірнеше секундтан соң көз алдында жантүршігерлік апат болған.
«Мен Mitsubishi Galant артынан келіп тоқтадым. Біздің сол жағымызда автобус тоқтап тұрған. Ол да жол апатының болуына өз үлесін қосты десек болады. Автобустың ар жағында Gelandewagen ұшып келе жатқанын көрмедік. Galant жасыл шамға жүріп кетті, артынан мен қозғалдым. Осы кезде көлденең түскен қара көліктің есігі көрінді. Сол сәтте қатты соғылды, менің көлігіме әйнектің сынықтары шашырады. Мен шоктан есімді жиып, көлігімді жол шетіне қойып, оқиға орнына жүгіріп бардым», - деді Елена Никонова.
Куәгердің айтуынша, Galant жолаушылары алғашында тірі болған.
«Көлікті аударған кезде, есіктер жапырылып қалғандықтан, қыздарды багажник арқылы алып шықты. Жедел жәрдем келгенше олардың жүрегі соғып жатты», - деді ол.
Елена Никонова Gelandewagen жүргізушісінің кетіп бара жатқанын көрген сыңайлы болды.
«Мен білмеймін, мүмкін қателесетін болармын. Бірақ Gelandewagen жүргізушісін екі адам келіп екі қолтығынан алып бара жатқанын көргендей болдым. Бұл апаттан кейін шамамен 5 минут өткен соң болды. Бәрі естерін жиып жан-жағына қарағанда сол үшеуі басқа көлікке отырып кетіп бара жатқанын көрдік. Жүргізушінің аяғы тәлтіректеп тұрғаны байқалды. Бұл апаттан емес, ол анық. Жол апатынан кеуде ауыруы мүмкін. Бірақ аяққа зақым келмейді», - деді ол.
Айта кету керек, қайғылы оқиға 29 желтоқсанда болған еді. Абай мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында Mersedes Gelаndеwagen Mitsubishi Galant көлігімен соқтығысқан болатын. Gelаndеwagen көлігі бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен. Жол апатынан 3 адам: Mitsubishi Galant жүргізушісі мен екі жолаушы көз жұмды.
Олардың арасында белгілі актриса Шолпан Елгезек бар. Кейін белгілі болғандай, 34 жастағы Gelаndеwagen жүргізушісі көлігін мас күйінде айдаған.
«Mercedes Gelandewagen» маркалы автомобиль жүргізушісі, 1985 жылы туған Кар Ілияс Абай және Сейфуллин даңғылдарының қиылысында жол апатын жасағандықтан, ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабына сәйкес ұсталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерулер ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына және 347-бабының 3-бөлігіне сәйкес жүргізілді.
Аталған жол апатынан аман қалған жалғыз адам - актриса Айзада Сатыбалдиева қабырғалары сынып, ауыр күйде ауруханаға түскен болатын. 2 аптадан соң актрисаның беті бері қарап ауруханадан үйіне шығарылды.