Ақтөбеде маусымда сойқан салған содырлар сотта соңғы сөздерін айтты, - деп хабарлайды КТК телеарнасы. Олардың барлығы дерлік кінәларын мойындап, судьядан өмір бойына түрмеге отырғызбауды сұраған. Өйткені прокурорлар бұған дейін жаздағы атыста тірі қалған 7-і лаңкестің ақтық демі біткенше темір торда қалуын сұраған еді.
"Бірнеше қылмыстық құқықбұзушылық жасағандары үшін, оның ішінде терроризм актісін жасауға тікелей қатысқандары үшін айыпталған сотталушылар соңғы сөзінде жасаған қылмыстары үшін өкініп, соттан өмір бойы бас бостандығынан айырмауды сұрады", - деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Илиада Досова.
Қарулы қақтығысқа қатысты деп танылған сотталушының бірі Жұбановты адвокаты бірнеше бап бойынша ақтауды өтінді. Сондай-ақ, қылмыс туралы құзырлы органдарға дер уақытында хабар бермегені үшін айыпталған бес жігітті жазықсыз деп тануды сұрап отыр. Дегенмен, оларға кесілер үкім енді тура бір аптадан соң ғана белгілі болады. 5-ші маусым күні содырлар әскери бөлім мен қару сататын дүкендерге шабуыл жасаған еді. Атыс кезінде жеті адам қаза тауып, отыз шақты адам жарақат алды. Сол лаңкестіктен кейін 18 содырдың көзі жойылған болатын.