Ақтөбедегі Жаңақоныс ауданындағы «Бақытжан» мешітінің бас имамы қыздарының орамалын кеше ғана шешті. Имам осыған дейін Астанаға ашық хат жазғанын алға тартып, мектепке қыздарын орамалмен жіберген. Имам шу шыққаннан кейін ғана қыздарының орамалын шешуге келіскен, - деп жазады "Ұлт ақпарат" aktobenews.kz порталына сілтеме жасап.
«Бізде оқу жылының басында 8 оқушы орамал тағып келіп жүрді. Тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Екінші тоқсаннан бастап барлық бала орамалын шешті. Ауылдағы мешітте бас имам болып жасайтын Білімжан деген имамның екі қызы біздің мектепке келеді. 3 сыныпта оқитын қызының орамалын бірден шешті. Тек 6 сыныпта оқитын қызын балиғат жасқа толды деп осы күнге дейін шешпей келген болатын. Ол кісі Астанаға ашық хат жазғанын айтты. Бірақ, кеше мектепке қызын орамалсыз əкелді», — дейді Жаңақоныс орта мектебі директорының тəрбие ісі жөніндегі орынбасары Гауһар Жақсылыққызы.
Мұғалімдер орамалдарын шешкен оқушылардың бірден үйреніп кеткенін айтты.
«Біз орамалын шешкен оқушылар өздерін ыңғайсыз сезінбеу үшін күнде сөйлесеміз. Керісінше, балалардың көңілдері көтеріңкі. Олар бұрын құрбыларымен сүйіп амандаспайтын еді. Қазір бір-бірлерінің бетін сүйіп амандасады», — дейді Гауһар Жақсылыққызы.