31 там, 2016 сағат 08:35

Ақтөбедегі терактіге қатысы бар Аднанидің көзі жойылғаны хабарланды

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымының баспасөз хатшысы Әбу Мұхаммед әл-Аднани.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстермистік ұйымымен байланысты "Амак" агенттігінің хабарлауынша, Сирияның солтүстігінде ұйымның баспасөз хатшысы әрі ұйым жетекшілерінің бірі Әбу Мұхаммед әл-Аднани қаза тапты. Әскери ортадағы дереккөзіне сілтеме жасаған агенттік Аднанидің "Алеппо маңындағы операцияға қолбасшылық жасап жүргенде оққа ұшқанын" айтады.

АҚШ қорғаныс министрлігіндегі аты-жөнін атамаған дереккөзі Алеппо провинциясының әл-Баб қаласында әуеден дәлдеп жасалған шабуылдан "ИМ жетекшілерінің бірінің" көзі жойылғанын айтты. Ол содырдың аты-жөнін айтудан бас тартып, әскери операцияның нәтижелері сараланып жатқанын жеткізді.

ИМ соңғы апталарда әсіресе Алеппо провинциясында бірнеше рет жеңіліске ұшырады. Мұнда Түркия әскері көтерілісшілермен бірігіп ИМ содырларынан Жераблус қаласын қайтарып алды. Сириядан шыққан Аднани ИМ құрылғаннан бері оның жоғары шенді мүшелерінің бірі болды. АҚШ ол туралы ақпарат берген адамға бес миллион доллар көлемінде сыйақы тіккен.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов бұған дейін маусымның басында Ақтөбеде болған шабуылдарды жасағандар "Аднаниден тапсырма алғанын" мәлімдеген. «Біздің анықтағанымыздай, қасиетті Рамазан айының қарсаңында ДАИШ (ИМ-нің басқаша аталуы - ред.) деп тіркелген топтың Аднани деген басшысы өзінің артынан ергендерге интернет арқылы зорлық-зомбылық жасауды тапсырған» деген Ерлан Ыдырысов.

"Азаттық"