02 қыр, 2016 сағат 09:01

Ақтөбедегі терактіге қатысты істе жаңа деректер пайда болды

Әскери тергеушілер Ақтөбедегі әскери бөлімнің қызметкерлеріне қатысты іс қозғады. Атышулы терактіге қатысты жаңа деректер КТК телеарнасының бейнематериалында айтылады.

Осы істегі фигуранттардың бірі сол күні кезекшілік атқарған Қайрат Тастанбеков екені анықталды. Ол үш ай бойы іске куәгер ретінде тартылып, ойламаған жерден күдіктіге айналған. Ол қазіргі уақытта барлық инстанцияларға шағым түсіріп жатыр.

"5 маусымда лаңкестер басып кіргенде осы әскери бөлімде қанды оқиға болды. Осындай төтенше жағдай болғандықтан, барлық органга - облыстық ІІД, Оралда орналасқан "Батыс" өңірлік бөлімшесіне хабар беруіміз қажет болатын. Лаңкестердің қоластында болып, олардың айтқан шарттарын орындадым", - деді әскери қызметкер.


Қайрат Тастанбеков © ktk.kz

Терактіден кейін сол күні кезекшілік еткен барлық офицер, сондай-ақ, майор Тастанбеков те жауап алуға шақырылды. Әскери бөлімшенің басшылығы да сол кезде тез арада ауысып кеткен. Тастанбеков те жұмыстан өз еркімен кетіп, тергеушілерге барып жүрді. Ал жақында ол өзінің ойламаған жерден айыпталушыға айналып кетуі мүмкін екенін білді.

"Кешеден бастап мен осы істе күдіктіге айналдым. Ары қарай не болатынын білмеймін. Қазір бұлтарпау шарасы арқылы қамауға алуы да мүмкін. Мұнда не болып жатқанын халық білсін", - деді Тастанбеков.

Ал майордың әйелі күйеуінің қамауға алынуы мүмкін екенін естігенде абдырап қалды. "Оқиға орнында болғандардың барлығы жұмыстан қуылды. Қаза тауып, жарақат алғандар - нағыз батырлар. Менің күйеуім күдіктіге айналды. Бір жыл бір айлық баламыз бар", - деді Мадина Тастанбекова.


Офицердің отбасы екінші сәбиді күтіп отыр.

Айта кетейік, әскери тергеушілер осы іске қатысты пікір білдірмей отыр. Олар тек Тастанбековтің осы істегі фигуранттардың бірі  екенін растады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 447-бабы бойынша ("Iшкi қызмет атқарудың немесе гарнизонда патруль болудың жарғылық қағидаларын бұзу") күдікті деп танылып отыр. (Дереккөз - КТК).