Ақтөбедегі терактіге қатысты істе 30 күдікті сот алдында жауап береді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҰҚК-не сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, сот алдында 9 лаңкес, 18 мәлімет беруші мен қылмысты жасырды делінген 3 адам жауап береді.
"Қылмыстық істі тергеу жұмыстары аяқталды. Істің материалдары танысуға берілді. Жалпы 77 қылмыстық іс қозғалды, іс бір өндіріске біріктірілді. 21 фигурант қамауға алынды. Осы іс бойынша 215 түрлі сот сараптамасы мен 26 зерттеу тағайындалды. Көзі жойылған 18 лаңкеске қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданды. Облыстық прокуратураның келісімімен күдіктілерді ұстау мерзімі соттың шешімімен 4 айға ұзартылды. Тергеу қорытындысына сәйкес, террористік акт ДАИШ ұйымының ресми өкілі, яғни "Шейх әл-Аднанидің" ықпалынан ойламаған жерден ұйымдастырылған", - деп хабарлады ҚР ҰҚК өкілдері.
Еске салайық, Ақтөбеде болған атыста 7 адам қаза тауып, 18 адам жарақат алған болатын. Барлығы 30 тұрғынға медициналық көмек қажет болған еді. Сонымен қатар, Паллада" мен "Пантера" қару-жарақ дүкендеріне шабуыл жасалған болатын.
Ұлт порталы