"Эврика" газетінің тілшілері биыл жазда Ақтөбеде болған терактінің айыптау қорытындысын қолға түсірді. Процесс жабық тәртіпте өтетін болды.
Қылмыстық істің материалдарына қарағанда, тергеу бойынша, ақтөбелік Дмитрий Таңатаров теракт ұйымдастырған негізгі адам. Айыптау актісінде оның 2009 жылдың басында исламды қабылдағаны, кейін діни білімін жетілдіре бастағаны, интернетте жарияланған діни мазмұндағы мақалаларды оқи бастағаны айтылады. Прокурорлардың пікірінше, Таңатаров аудио және видеожазбаларды қараған, исламдағы радикал көзқарастарды үгіттейтін сайттарға кірген. Сондай-ақ, ол Telegram желісінде "Апсон Напос" деген логинмен тіркелген делінеді.
Интернетте жарияланған материалдарды зерттей келе, Таңатаровтың діни радикализмнің әсеріне түскені айтылады. "Халықаралық террористік ұйымдардың басшылары мен жетекшілерінің ультрарадикал көзқарастарын қолдай отырып, ол "салафи жиһади" бағытының ұстанушысы болған, содан ол "қарулы жиһадқа" қатысуды ұйғарады. Таңатаров қылмыстық ниетін "салафи жиһади" бағытын ұстанушы таныстарымен, діни радикализм ұстанушысы Арман Айтуғанмен бөліседі, сөйтіп олар жиһадқа қатысу туралы шешім қабылдайды", - делінген газеттің материалында.
Ары қарай, айыптау қорытындысына сәйкес, Таңатаров пен Айтуған әлеуметтік және басқа да жағдайларға (паспорттарының және жолға қаражатының жоқ болуы) байланысты Сириядағы террористік топтардың әрекетіне қатысу туралы ойларын жүзеге асыра алмаған.
"Таңатаров пен Айтуған қылмыстық ниетін жүзеге асыру мақсатында 2016 жылдың мамырында өздерінің террористік тобын құрған деп есептейді тергеу. 2016 жылдың 22 мамырында олар, айыптау қорытындысына сәйкес, интернетте "Дабы выжил тот, кто выжил при полной ясности" деген атауы бар "Әбу Мұхаммад әл-Аднани" аудиожазбасын тыңдап, теракт жасау - дұрыс шешім деген пікірге келеді. Осыдан кейін Таңатаров пен Айтуған бұл туралы аса құпия жағдайда "салафи жиһади" бағытын ұстанатын Сұлтан Қабиевке айтады. 18 жастағы Қабиев олардың қылмыстық ниетін қолдап, 2016 жылдың маусымында бұл террористік топтың құрамына кіреді", - делінген мақалада.
Террористік топтың мүшелерін қаруландыру және ары қарай террористік акт жасау үшін Таңатаров, Айтуған және Қабиев "Паллада" қару-жарақ дүкеніне жасалатын шабуылдың жоспарын құрады. Осы мақсатта, айыптау актісіне сәйкес, 2016 жылдың мамырында Таңатаров "Паллада" дүкенінде болып, оның ішкі орналасуын, сатушылардың қаншау екенін, қару-жарақтың қайда және қалай сақталатынын анықтайды. Кейін Таңатаров, Айтуған және Қабиев осы дүкенге қарақшылық шабуыл жасаудың жоспарын құрып, өз әрекеттерін ақылдасады.
5 маусымда шамамен түскі сағат 12.00-де ислам дінінің жалпы негізін ұстанатын және "салафи жиһади" дәстүрлі емес бағытын қолдайтын 44 адам пәтерде жиналады делінген айыптау құжатында. "Бұл пәтерде Таңатаров, Айтуған және Қабиев жиынның негізгі себебін хабарлайды, ал жиынның құпиялығын сақтау үшін ұялы телефондарын жинап алады. Таңатаров барлығын "қарулы жиһад" жасауға және шаһид болуға, яғни құрбан болуға шақырады. Түсінікті болу үшін Таңатаровтың орыс тілінде айтқан сөздерін Айтуған қазақ тілінде қайталап берген", - делінген іс материалдарында.
Алайда жиналғандардың ішінде 22 адам жиһадқа қатысудан бас тартатқан, кейін пәтерден кетіп қалған делінеді. Бірақ олар террористік топтың қарулы жиһадқа жиналып жатқанын біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламаған делінеді. Қазір оларға дайындалып жатқан террористік акт жайында хабарламау бойынша айып тағылып отыр. Олар да сотталушы ретінде сотта отыр. Қалған 22 адам, айыптау құжатына сәйкес, құқық қорғау органдарына қарсы қарулы жиһадқа қатысуға өз еріктерімен келісім берген.
2016 жылдың 5 маусымында сағат шамамен 14.23-те топ "Паллада" қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалады. Ақтөбелік жиһадшылар қаруланғаннан кейін дүкеннен жүгіріп шығады. Кейін олар "Пантера" деген тағы бір қару-жарақ дүкенін тонаған. Атыс салдарынан лаңкестердің қолынан Ақтөбенің 7 жеті тұрғыны қаза тапқан.