Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Ақтөбеде заңгер мен математика пәнінің мұғалімі қала тұрғындарын «Harmony Rider Technology» қаржы пирамидасына тартты. Оларға жалған табыс уәде етіп, скутерлерді жалға алу арқылы күнделікті пайда табуға болады деп сендірген, деп хабарлайды Ult.kz.
Сот шешімімен заңгер 6 жылға, ал мұғалім 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Екеуінің мүлкі тәркіленді. Пирамиданың кеңсесі бұрынғы «Қазақстан» кинотеатры ғимаратында орналасқан. 2024 жылдың наурызынан желтоқсанына дейін салымшылардан 197 миллион теңге жиналған.
Заң қандай әрекеттерге тыйым салады?
Соңғы жылдары «жеңіл жолмен байытуға» уәде беретін қаржы пирамидалары көбейіп, талай отбасының тұрмысын шайқап отыр. Мемлекет заңнаманы күшейтіп, жауапкершілікті қатайтты. Енді тек ұйымдастырушылар емес, пирамидаларды насихаттаған блогерлер мен инфлюенсерлер де жауапқа тартылады.
Заңға енгізілген түзетулер – азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғаудың басты қадамы. Қаржы саласында сақтық таныту – әр отбасының ең сенімді қорғанысы.
Қазақстан Қылмыстық кодексіне енгізілген түзетулерге сәйкес:
Қаржы немесе инвестициялық пирамиданы құру, ұйымдастыру, басқару – ауыр қылмыс;
Заңсыз құрылымдарды жарнамалау, адамдарды үгіттеу – қылмыстық жауапкершілікке әкеледі;
Пирамидаларды жарнамалау немесе жалған уәдемен жұртты алдау – әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұл – қоғамды адастырып, сенімді пайдаланып пайда табуға әрекет жасағандарға нақты ескерту. Жазаның басты мақсаты – халықты алаяқтықтан қорғау. Өйткені, қаржы пирамидаларының кесірінен жүздеген азамат миллиондаған теңгесін жоғалтты.
Мемлекет алдына үш маңызды міндет қойды:
Азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру;
Алаяқтық схемаларды ертерек анықтау;
Кінәлілерді қатаң жазалау.
Қандай заман болмасын, елдің тұрақтылығы мен сенімі халық қауіпсіздігінен басталады. Қаржы пирамидалары тек бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның тыныштығына қауіп төндіретін құбылыс. Заңнаманың күшеюі осындай қатерлерге тосқауыл қоюдың тиімді жолы.
Соңғы қорғаныс – әр азаматтың өз қаржылық сауаттылығы мен сақтық шарасы. «Жеңіл пайда» қулығына алданып қалмау – әр отбасының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ең сенімді жолы.
Қазақстандағы танымал пирамидалық істер және басты фигуранттар
Заңның қатайғаны қоғамға сабақ болмаған сияқты. Бұл сөзіміздің дәлелі бұған дейін жоғарыдағы оқиғаға қатысты бірнеше оқиғалар орын алған. Әлі де қайталанып келеді.
Қазақстанда қаржы пирамидаларының құрбандары мен ұйымдастырушылары туралы Mudarabah Capital, ХАС және Казхоум пирамидасы оқиғаларында кездесті.
Естеріңізде болса, Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты істе Мейржан Туребаев пен Мейирхан Шерниязов басты фигурант болды. 2023 жылғы маусымда сот Туребаевты қаржы пирамидасын құруға және басқаруға қатысы бар деп танып, оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сол сияқты, Шерниязов та 5 жылға сотталды. 2025 жылғы шілдеде БАҚ оның жазасын өтеп шыққаны туралы хабарлады.
Пирамидаларды ұйымдастырып, басқарған кейбір тұлғалар қоғамға аты шықпай отыр. 2025 жылы Павлодарда ХАС пирамидасын құрған топтың ұйымдастырушысы 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Зиян көлемі шамамен 2 млрд теңге, 376 адам зардап шеккен. Ал 2017–2020 жылдары ТОО «Q» арқылы жұмыс істеген қаржы пирамидасы бойынша 16 адам сотталды, инвесторлар 6,136 млрд теңге жоғалтты. 2023–2024 жылдары Атыраудағы Казхоум пирамидасы ісінде екі адам кінәлі деп танылып, әрқайсысына 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Неліктен бұл істер қоғам назарында болды
Медиа тұлғалар блогерлер мен вайнерлердің жарнамаға қатысуы кейбір істерді көпшілікке танытты. Пирамидалар тартымды кіріс уәде етіп, кейде 20–70% табыс кепілдігін беретін. Бірақ зиян көлемі үлкен: миллиардтаған теңге, жүздеген, кейде мыңдаған зардап шеккендер.
Барлық пирамидалық іс сотқа жетпейді, кейбірі тергеу кезеңінде жабылады. Кейбір ұйымдастырушылар жасырын әрекет еткендіктен, олардың есімі медиаға сирек шығады. Сондай-ақ, кейбір схемалар заңды бизнес немесе желілік маркетинг элементтерімен үйлесіп, нақты «қаржы пирамидасы» деп тануды қиындатады.
Қаржы пирамидалары тек заңсыз іс қана емес, қоғамдағы сенім мен қаржылық сауаттылыққа да қауіп төндіреді. Кінәлілердің сотталуы мен залалдың өтелуі елдің қаржы жүйесін қорғаудың маңызды қадамы.
Ақбота Мұсабекқызы
