30 қаз, 2017 сағат 12:03

Ақтөбеде жаңа оқу жылынан бері 23 оқушы орамалын шешкен

Ақтөбе облысында мектепке орамалмен келетін 340-тай оқушы бар. Мектеп формасы ережесін сақтау үшін жүргізілген тиісті шаралар нәтижесінде 23 оқушы хиджабты шешкен. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп xабарлайды Baq.kz тілшісі.

«340-тай мектеп оқушысы орамалмен келеді. Қыркүйектен бастап шешкендер саны 23-24. Ата-аналықтан айыруға құқығымыз жоқ. Қазақстанда заң бар. БҒМ бекіткен мектеп формасы бар. Мектептің өзінде де ереже бар. Балалардың өздері ережені сақтауы қажет. Ата-аналар да балаларына мектеп ережесі мен БҒМ ережесін сақтау керегін айтуы тиіс», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі ең бірінші біздің мемлекетіміздің заңына сай киіну қажет екенін айтады.

«Қандай киім кию қажеттігіне қатысты БҒМ-ның ережесі бар, сол ережені сақтау керек. Екіншіден әрбір мектептің өзінің ішкі талабы, ережесі бар. Онда да балалалардың мектепке қалай келу керегі жазылған. Бірақ өкінішке қарай, әсіресе, мынау дін бағытында жүрген ата-аналар балаларына xиджаб кигізеді. Ондай ата-аналармен біздің мамандар, теологтар жұмыс істеп жатыр. Әсіресе қыз балалар хиджабты шешсе, әрі қарай жұмысты жалғастырамыз», - деп мәлімдеді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге облыс әкімі балаларға екпе жасауда дәл осындай қиындық кездесетінін атап өтті.

«Негізінен олар діни бағытта, теріс бағытта жүрген ата-аналардың балалары. Біз қазір олардың да ата-аналарымен жұмыс істеп жатырмыз. Екпенің қандай пайдасы бар екенін түсіндіріп жатырмыз. Ата-ана ең бірінші өзінің баласын, оның денсаулығын ойлауы керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі сөз соңында ата-аналармен және оқушылармен әрі қарай жұмыс істейтінін, бұл жұмысқа мамандарды, сарапшыларды, теологтарды қосатынын атап өтті. Мұндай ата-аналармен жекелей өзі сөйлеспегенін, қажет болса сөйлесетінін жеткізді.