Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөліміне қарулы шабуыл кезінде қаза тапқан әскерилерге орнатылған ескерткіш тақта. Ақтөбе, 10 қаңтар 2017 жыл
Ақтөбеде бүгін Ұлттық гвардияның 6655 әскери бөлімі аумағына 2016 жылдың маусымында болған қарулы шабуылдардың құрбандарына арналған тақташа ілінді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Азаттыққа сілтеме жасап.
Естелік тақтайша әскери бөлім аумағындағы бұрыннан бар Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары қаза тапқан шекарашыларға орнатылған ескерткішке ілінді. Тақтайшаға қарулы шабуыл кезінде оққа ұшқан майор Даниэль Майлыбаев, кіші сержант Берікжан Қалиев, қатардағы сарбаз Досбол Сапардың аты-жөні және олардың қаза тапқан соң мемлекеттік наградалармен марапатталғаны жазылған.
Тақтайшаны орнату шарасына марқұмдардың туыстары, облыс басшылығы, әскери бөлім басшылары қатысты.
Былтыр маусымның 5-інде Ақтөбеде 30 шақты адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуылдап, ұлттық гвардияның 6655-әскери бөлімін басып алуға тырысқан. Шабуыл мен атыстан ресми мәлімет бойынша 7 адам қаза тауып, 40 шақты адам жараланған. Алты күнге созылған арнайы операция кезінде "діни радикал", "қарулы шабуылшы" деп сипатталған 18 адамның көзі жойылып, 29 адам ұсталған. Қарашаның 29-ы күні Ақтөбе облыстық соты шабуылға қатысты 29 адамды түрлі мерзімге соттаған.