01 қаз, 2025 сағат 10:59

Ақтөбеде халықаралық әдеби байқаудың жеңімпаздары марапатталды

Фото: ҚР МАМ

Ақтөбе облысында халықаралық «Әдебиет. Рух. Қоғам» әдеби байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов бастаған белгілі қаламгерлер мен мәдениет өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Алғаш рет 2019 жылы форум ретінде басталған бұл байқау уақыт өте келе халықаралық деңгейдегі беделді әдеби жобаға айналды. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын дода қазақ әдебиетінің поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті және аударма жанрларындағы үздік шығармаларды анықтауға бағытталған.

Биылғы байқау қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Қуандық Шаңғытбаевтың 100 жылдығы мен сатирик-жазушы, ұстаз Үмбетбай Уайдиннің 90 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға Қазақстанның түрлі өңірлерінен және шетелдерден 140-тан астам шығарма келіп түскен.

Нәтижесінде 11 номинация бойынша үздік қаламгерлер анықталды. Атап айтқанда:

  • Сағи Жиенбаев атындағы номинация – Индира Кереева;

  • Төлеген Айбергенов атындағы номинация – Аманжол Исламғали;

  • Тахауи Ахтанов атындағы номинация – Гүлжайнар Қалдина;

  • Үмбетбай Уайдин атындағы номинация – Нұрлыбек Қалауов;

  • Ізтай Мәмбетов атындағы номинация – Ернұр Сейдахмет;

  • Қуандық Шаңғытбаев атындағы номинация – Түркиядан келген жас ақын Фатих Султан Йылмаз.

Ұйымдастырушылар байқаудың басты мақсаты – әдебиеттің дамуына үлес қосқан қаламгерлердің есімін ұлықтау және жас буын шығармашылығына қолдау көрсету екенін атап өтті.