25 қар, 2024 сағат 11:01

Ақтөбеде қаза болған сарбаздың анасы видеоүндеу жолдады

Фото: Nur.kz

Әлеуметтік желілерде Ақтөбеде қаза болған сарбаздың анасының видеоүндеуі жарияланды. Ол қоғамнан ұлының өз-өзіне қол жұмсауға жеткізілгені туралы ақпаратты таратпауды өтінді. 

Анасының айтуынша, ұлы 2024 жылдың сәуір айынан бастап Ақтөбеде борышын атқарған. Қызмет барысында ешқандай шағым болмаған, ұлы жиі хабарласып тұрған.

«Ата-аналар мен қыздардан өтініш — өтінемін, сырттан келетін жағымсыз ақпараттардан балаларымызды қорғаңыздар, олар жамандық туралы ойламай, борышын тыныш атқарсын», — деді ол.


Сондай-ақ ол баласының мәйітін таныған кезде денесінде ұрып-соғу белгілері болмағанын айтып, әділ тергеуге үміт артатынын жеткізді.

Еске салайық, 23 қарашада Ақтөбе гарнизонының әскери бөлімдерінің бірінде қарауылдық қызметте тұрған сарбаздың мәйіті табылды. Гарнизонның баспасөз қызметі оның қарауылда тұрған кезде өзіне бекітілген қарудан оқ атқанын хабарлады.

Қазіргі уақытта қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.