Ақтөбе археологтары қазба жұмыстарын қорытындылады. Биыл Ақтөбе қаласы маңындағы Бекқұл баба ауылынан ерте темір дәуіріне жататын алтын сырға табылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе археологтары биыл Әлкей Марғұлан атындағы археологиялық институтымен, Ресей ғылым академиясының Шығыстану институтымен бірлесе үш қазба, екі ғылыми зерттеу жұмысын жүргізді. Ақтөбе қаласы маңындағы Бекқұл баба ауылында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге рұқсат берген кезде жергілікті мамандар дабыл қағып, алдымен зерттеу жүргізуге келісті. Дәл сол жерден ерте темір дәуіріне жататын алтын сырға табылды.
«Біз үшін табылған заттың бәрі құнды. Дегенмен, биыл археологтар көптен күткен затты тапты. Ол - ерте темір дәуіріне жататын алтын бұйым. Дәл осыған ұқсас әшекей бұрын Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданынан 80-жылдары табылған болатын. Ол кезде қазба жұмыстарын археолог Мир Қабырбаев жүргізді. Біз кейін іздедік, осы күнді күттік»,- деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының Батыс Қазақстан аймағы бойынша өкілі, археолог Арман Бисенбаев.
Археологтар үшін әлі де ескерткіштерді қорғау, қазба жұмыстары жүргізілмеген аймақты аман алып қалу қиынға соғып тұр. Себебі, мұнай-газ компаниялары қазба жұмыстары кезінде археологтарды шақырмайды, қажет кезде айыппұл төлейді. Ал айыппұл ірі мұнай компаниялары үшін тым төмен. Олар жұмысты тоқтатпау үшін көбіне айыппұл төлеп, жауапкершіліктен аттап өтеді.
«Ескерткіштерді жойып жатыр, біз тек қалғанын зерттеуге шығамыз. Ақтөбе облысы ескерткіштерді жою тізімі бойынша алдыңғы орында тұр. Заң бар, бірақ ол ескерткіштерді сақтай алмайды», - деді Арман Бисенбаев.