20 мам, 2024 сағат 14:49

Ақтөбе облысындағы Құйлыс ауылында бөгеттен су өтіп кетті


Фото: Алтынай Сағындықова


Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Құйлыс ауылында кеше түнде бөгеттен су өтіп кетті. Толқын күшейген кезде бөгеу жұмыстары қайта жанданды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Kazinform-ға сілтеме жасап.


Ырғыз ауданындағы Құйлыс ауылында су тасқынына қарсы күрес жұмыстары 4 сәуір күні басталды. Бүгінге дейін бөгетті бекіту жұмысы жалғасып жатыр. Кеше түнде толқын күшейіп, сол бөгеттен су өтті.


- Түнде жағдай қиын болды. Жел күшейіп, толқын болды. Теңіз жағасы қандай болса, бізде де сондай жағдай. Қорқынышты болды, себебі ауыл маңы теңіз сияқты суға толды. Желдің жылдамдығы секундына 40 метрді құрады десек болады. Бірақ ауыл суға кетпеді. Қазіргі кезде 100 адам жұмыс істеп жатыр. Ауылда 12 техника бар. 4 тиегіш, 7 КамАЗ және 1 К700 бар. Мұндағы жағдайды келіп, көру керек. Біздің тасқынмен күресіп жатқанымызға 50 күн болды. Бұл шалшық емес, бұл үлкен су. Су әлі келіп жатыр, - деді Тәуіп ауылдық округінің әкімі Камал Тілеужанов.


Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауылда 100 адам жұмыс істеп жатса, оның 40-ы №20982 әскери бөлімінің 40 қызметкері. Азық-түлік және жанар-жағармай мен қапшықтар аудан орталығынан жеткізіліп жатыр.


Ал Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауылдың шетінде орналасқан бөгеттен су өткен, дегенмен бөгеу жұмыстары жүргізілді. Ал үйлерге су кірген жоқ.