10 қар, 2025 сағат 15:37

Ақтөбе облысында полицей 100 мың теңге пара үшін 7 жылға сотталды

Фото: ашық дереккөз

Алға ауданы полиция бөлімінің 28 жастағы қызметкері пара алу дерегі бойынша сотталды, деп хабарлайды Ult.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Оқиға «Ақтөбе-Астрахань» тас жолында болған. Айыпталушы өзінің серіктесімен бірге патрульдеу кезінде Алға қаласының кіреберісінде «Hyundai Accent» көлігін тоқтатқан. Көлік тізгінінде әйел адам болған. Тәртіп сақшылары оның ішімдік ішкеніне күдіктеніп, қызметтік көлікке отыруды және медициналық сараптамадан өту қажеттігін хабарлаған.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мүлдем мойындамады. Оның нұсқасы бойынша, жүргізуші әйел көліктен шыға сала виски ішкенін өзі айтқан, бірақ полицейлер одан ешқандай иіс сезбеген.

«Оған сараптамадан өту керектігін, егер бәрі жақсы болса, босатылатынын түсіндірдік. Ауруханада дәрігер орнында болмады, сондықтан сараптама кейінірек жүргізілді. Қорытынды бойынша ол сау болып шықты», – деді сотталушы.


Полицейдің айтуынша, жүргізуші бұған дейін оған 100 мың теңгені өзі ұсынған, бірақ ол ақшаны алмаған. Ал параның бір бөлігі (45 мың теңге) оның пәтерінен қалай табылғанын түсіндіре алмады. Ол сотта өзін тінту кезінде алдап қақпанға түсіргенін мәлімдеп, судьядан өзін ақтауды сұрады.

Алайда, сотта куәлік берген жәбірленуші әйел оқиғаның мүлдем басқаша болғанын айтып берді. Оның сөзінше, ол таңертең аз ғана мартини ішкенін, бірақ көлік жүргізген кезде мүлдем сау болғанын мойындаған.

«Мен оларға тауар тасып, жалғызбасты ана ретінде ақша табатынымды айттым. Жүргізуші куәлігінен айырып жібере ме деп қорқып, ескертумен шектелуін өтіндім», – деді жәбірленуші.


Осыдан кейін ол полицейден мәселені оң шешу үшін не қалайтынын сұраған. Сонда тәртіп сақшысы телефонына «100» деген санды теріп көрсетіп, қолма-қол ақша табуға бір сағат уақыт берген.

Бұл талаптан соң жүргізуші бірден Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабарласып, мобилді қосымша арқылы арыз жіберген. Ол банкоматтан ақшаны шешіп, купюраларды суретке түсіріп, жемқорлыққа қарсы қызметкерге жөнелткен.

Осыдан кейін ғана ол медициналық сараптамадан өтіп, «сау» деген қорытынды алған.

Сол қорытындымен полицейдің қызметтік көлігіне қайта отырған. Тәртіп сақшысының нұсқауымен 100 мың теңгені көліктің қолғапсалғышына қалдырған.

«Ол ақшаны алған соң, енді маған барлық жерде жасыл шам болатынын айтты», – деп түсіндірді жәбірленуші сотта.


Сот іс материалдарын зерттей келе, жүргізуші әйелдің уәжін толық растады. Нәтижесінде 28 жастағы полиция қызметкері 100 мың теңге пара талап еткені үшін кінәлі деп танылды.

Ол 7 жылға бас бостандығынан айырылды және мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот сотталушыны жәбірленушінің адвокатқа жұмсаған шығыны ретінде бір миллион теңге төлеуге міндеттеді.