15 қаз, 2025 сағат 09:49

Ақтөбе облысында 14 жастағы мектеп оқушысы атасынан бала босанды

Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 9-сынып оқушысы ана атанды. Ең қорқыныштысы – жәбір көрсеткен күдікті ретінде оның өгей атасы танылып отыр. 64 жастағы зейнеткер қамауға алынып, үстінен тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды Ult.kz Informburo 31 жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

14 жастағы қыз ата-анасы ажырасып кеткеннен кейін анасымен бірге тұрған. Оның жүктілігі босанғанға дейін ешкімге білінбеген. Облыстық білім басқармасының айтуынша, оқушы жыл ішінде үш рет медициналық тексеруден өткенімен, ерте жүктілік белгілері анықталмаған.

Қазір жас ана сәбиімен бірге перзентханада, оған психологтар көмек көрсетіп жатыр. Денсаулығы түзелген соң оқушы оқуын жалғастыратын болады.

Полиция күдіктінің жәбірленушінің нағашы әжесімен заңды некеде болғанын растады. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, істің мән-жайы анықталып жатыр.

Нұргүл Бертілеуова, Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

«Бұл қыз бала осы уақытқа дейін үш рет медициналық тексеруден өткен. Мамыр айында скрининг, жазғы лагерь алдында профилактикалық тексеру және денсаулығына байланысты қарау кезінде де жүктілік байқалмаған».