Фото: Gov.kz
Атырау маңындағы ортағасырлық «Ақтөбе-Лаэти» қалашығында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сирек кездесетін күміс тиындар табылды. Қазбаны Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің археологтары жүргізген, деп хабарлайды Ult.kz.
Археологтардың айтуынша, табылған көне тиындар Алтын Орда билеушісі Меңгу-Темір ханның тұсында соғылған. Ресейлік нумизматик ғалым Павел Петров тиынның бедерлі жазуларын зерттеп, оның тарихи құндылығы өте жоғары екенін мәлімдеген. Монетаның бір бетінде Меңгу-Темір ханның жеке таңбалары бейнеленсе, екінші бетінде Қытай иероглифтері кездеседі.
«Бұл ХІІІ ғасырдың екінші жартысына тиесілі тиын. Қытайша таңбалар Шыңғыс ханнан тараған Құбылай мен Шағатай ұрпақтары арасындағы саяси қақтығыстар кезінде қолға түскен тұтқын Номуханмен байланысты болуы мүмкін», – дейді археолог Амангелді Мұғауұлы.
Фото: Gov.kz
Археологтар сонымен қатар қалашықтан бүтін күйінде сақталған көне тағара ыдысын да аршып алған.
Биылғы маусымдағы археологиялық жұмыстарға тапсырыс беруші – Атырау облыстық тарихи-мәдени мұраларды зерттеу орталығы. Орталық басшысы Толыбай Достыбаевтың айтуынша, соңғы жылдары бұл нысанға ерекше назар аударылып келеді. Қалашықтың 53 гектар аумағы толықтай қоршалып, тарихи орын болашақта ашық аспан астындағы музейге айналады деп жоспарлануда.
Қазба жұмыстарына Атырау университетінің тарих мамандығында оқитын студенттер де қатысқан. Бүгінде 500 шаршы метр аумақ аршылып, табылған артефактілер оқу ордасының зертханасында сараптаудан өтуде.
Тарихшылардың пікірінше, бұл табылған жәдігерлер Жошы Ұлысы мен Алтын Орда кезеңінің экономикасы мен саяси қарым-қатынастарына қатысты маңызды деректер беруі мүмкін.
Фото: Gov.kz
