Фото: 2Gis
Ақтау қаласындағы №1 мектеп пен басқа да білім беру ұйымдарына қатысты әлеуметтік желілерде тарап жатқан жалған ақпараттарға байланысты Маңғыстау облысының полиция департаменті мен Білім басқармасы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.
Тараған ақпарат шындыққа жанаспайды
Мессенджерлерде «№1 мектепте кепілге алынғандардың бірі ұсталды» деген мәлімет тараған. Полиция бұл ақпараттың фейк екенін нақты айтты.
Полиция департаментінің дерегінше, 2025 жылғы 8 қарашада «102» нөміріне 4-шағынауданда мас күйде жүрген ер адам туралы хабарлама келіп түскен. Патрульдік полицейлер аталған азаматты анықтап, ҚР ӘҚБтК 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Бұл жағдай мектептерге қатысты қауесетпен байланысы жоқ.
Теракт туралы ақпарат та жалған
Әлеуметтік желілерде тараған «теракт қаупі бар» деген хабарламалар да шындыққа сәйкес келмейтіні атап өтілді. Полиция барлық мектептерді тексеріп, ғимараттардың толық қауіпсіз екенін растады. Әр білім беру ұйымына арнайы актілер берілді.
Мектептер штаттық режимде жұмыс істейді
Маңғыстау облысының Білім басқармасы 2025 жылғы 10 қарашада Ақтау қаласындағы барлық мектепте сабақтар дәстүрлі форматта, кестеге сәйкес өтетінін хабарлады. Оқу процесіне қауіп төніп тұрған жоқ.
Әр мектепте қауіпсіздікті күшейту мақсатында учаскелік полиция қызметкерлері кезекшілік атқаруда.
Қауесет таратқандар жауапкершілікке тартылады
Өңірлік полиция фейк ақпарат тарату фактілерін тексеріп, көрінеу жалған мәлімет таратқандарды заң бойынша жауапкершілікке тартатынын ескертті. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және расталмаған мәліметті таратпауға шақырады.
