25 қыр, 2024 сағат 17:32

Ақтауда мектеп оқушылары тапталып қала жаздады


Ақтаудағы мектептердің бірінде оқушылар тапталып қала жаздады, деп хабарлайды Lada.kz порталы.

Ата-аналардың сөзінше, екінші ауысымда оқитын балалар рұқсатсыз ішке кіре алмай, далада тұруға мәжбүр болған. 

"Қызым мектепке кіру мүмкін емес екенін айтатын. Олар  сабақ басталғанға 5 минут қалғанда ғана мектепке кіретін көрінеді. Мен жағдайды өз көзіммен барып көрейін дедім. Шынында да, барлық оқушы кіруге рұқсат етілмейінше сыртта тұрады екен. Содан кейін жүздеген бала кабинеттеріне үлгеру үшін есік жақта сығылысып, таласып-тармасып кіреді. Вахтадан мән-жайды білгенімде бұл директордың бұйрығы екенін айтты", - деді ата-ананың бірі.


Қалалық білім бөлімі жағдай бақылауға алынғанын айтады. Бұл ретте мектеп әкімшілігі мұндай жағдай күнде қайталанбайтынын, тек бір рет болғанын алға тартты. 

"Сағат 13:45-те мектепте жиналыс өтті. Осыған байланысты кезекші мұғалім уақытында астына түсе алмады. Бұл уақытта кіреберісте у-шу басталды. Мектептегі 3 блоктың әрқайсысында жеке кіретін есіктер бар. Бүгінгі жағдай тек бір блокта болды. Күн сайын кезекшілік жүргізіледі", - деп хабарлады Ақтау қалалық білім бөлімі.


Баспасөз қызметі мектепте мұндай жағдай енді қайталанбайды деп отыр.