Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 700-ге жуық оқушысы қазақтың ойшылы 175 жылдық мерейтойы аталып өткелі отырған Абай Құнанбаевтың мерейтойына орай бір мезетте «Көзімнің қарасы» әнін орындады, – деп хабарлайды аталған мектептің баспасөз қызметі.
Білім ордасының оқушылары #Абай175 ән эстафетасын өңірдегі «Интеллектум» лицейінен қабылдаған.
«Көзімнің қарасы» әнін кез келген қазақстандық біледі деген ойдамыз. Эстафетаның шарттарын орындау мақсатында арнайы дайындық жүргізген жоқпыз. Бізге мектеп алдына шығып ән айтатындығымыз хабарланды. Үзіліс кезінде өлеңді бір емес үш рет айтып шықтық, - дейді мектептегі Өзін-өзі басқару ұйымының президенті Рауан Ибрагим.
Зияткерлердің сөзінше, республика бойынша Абай шығармаларын насихаттауға арналған шараларға белсенді қатысу арқылы балаларға ақынның шығармашылығымен жақын таныстыруды мақсат тұтыпты. Оқушылар эстафетаны Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне, Қарақия ауданы, Жетібай кентіндегі №8 жалпы білім беру орта мектебі мен Форт-Шевченкодағы М.Горький атындағы мектеп-лицейіне жолдады.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің әкімшілігі ақынның шығармашылығын насихаттау мақсатында бірнеше шараларды өткізуді жоспарлап отыр.
Білім ордасында Абай атамыздың 175-жылдығын тойлау мақсатында өткізілетін шараларды біз өткен оқу жылынан бері жүргізіп келеміз. Биыл «Адамның бір қызығы бала деген» атты сахналық қойылымдарымызды отбасы мүшелерін қатыстырып өткізуді жоспардап отырмыз. Біз баламен жұмыс жасап қана қоймай, оның отбасы мүшелеріне де ойшылдың шығармаларын насихаттауды көздейміз, - дейді мектеп директорының орынбасары Алтынзер Ихсанова.