15 жел, 2025 сағат 16:31

АҚШ-тағы Браун университетінде болған атыс салдарынан Өзбекстан студенті қаза тапты

Фото: Daryo.uz

АҚШ-тың Род-Айленд штатындағы Провиденс қаласында орналасқан беделді Браун университетінде 13 желтоқсанда болған атыс салдарынан екі адам көз жұмып, тоғыз адам ауыр халде ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Ult.kz.

Өзбекстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қаза тапқандардың бірі — Өзбекстан Республикасының азаматы, студент МұхаммадАзиз Умурзоков. Ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына қайғыра көңіл айтты.

Өзбекстанның АҚШ-тағы дипломатиялық өкілдіктері қаза тапқан студенттің туыстарымен тұрақты байланыста болып, АҚШ-тың тиісті органдарымен бірлесіп барлық қажетті мәселелер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Шетелдік БАҚ дерегіне сүйенсек, атысқа күдікті ретінде Бенджамин Эриксон есімді азамат ұсталған. CNN телеарнасының хабарлауынша, ол АҚШ әскерінде қызмет еткен, марапатталған әскери қызметкер болған және Арлингтон ұлттық зиратында жұмыс істеген.

РИА Новости таратқан ақпаратқа сәйкес, Эриксон 2021 жылдың мамырынан 2024 жылдың қарашасына дейін келісімшарт негізінде әскери қызмет атқарып, мергендік даярлықтан өткен және АҚШ президентінің маңындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларына қатысқан. Сонымен қатар ол волонтерлік қызметпен айналысып, үйсіздер мен қарттарға көмектескен.

Алдын ала мәліметтерде күдіктінің университет студенті еместігі айтылғанымен, оның LinkedIn желісіндегі парақшасына сәйкес, ол күзгі семестрде Висконсин университетінен Браун университетіне ауысып, психология мамандығы бойынша білім ала бастаған.

Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.