АҚШ-тың Индиана университетіне қарасты Three String Books баспасында жазушы Таласбек Әсемқұловтың “A Life At Noon” (“Талтүс”) романы басылып шықты. Осыған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандармен кездесу ұйымдастырылды.
Жазушының еңбегі Біріккен ұлттар ұйымының алты тіліне аударылып, былтыр желтоқсан айында баспаға тапсырылыпты. Кітап орыс, ағылшын, француз, испан, қытай және араб тілдеріне тәржімаланған. Жазушының жары, мәдениеттанушы, аудармашы Зира Наурызбаева кітап бар жоғы үш жарым айдың ішінде аударылып біткенін айтады.
“Бұл өте қиын жоба болды. Роман тілі қарапайым болғанымен, мағынасы өте терең. Кезінде Таласбекке романды орысшаға екеуміз бірге аударайық дегенде, ол “Жоқ, бұл романның табиғаты тым қазақы. Оны өзім қолым тигенде орысшаға лайықтап жаңадан жазып шығармын" деді. Дегенмен мен кейбір үзінділерін аударып жүрдім. Мысалы, қылыш соққан ұстаның өнері туралы үзіндісін аудардым, сосын “Талтүстің” жалғасы болған “Кәрі күйші” әңгімесін Ұлттық аударма бюросының тапсырмасымен жақында шыққан антологияға арнап аударып шықтым. Бұл мен үшін үлкен мектеп болды. Жазушының қасында 18 жыл өмір сүрсем де, көп нәрсені естіп, білсем де, аудармасы ерекше көне сөздерді Таластың шәкірттерімен ақылдаса отырып жасадым”, – дейді ол.
59 жасында өмірден озған Таласбек Әсемқұлов дәстүрлі музыкант-күйші, жазушы, кинодраматург, музыка, тарих, этнография, мифология зерттеушісі, әдеби және музыкалық сыншы, шебер аудармашы болды. “Талтүс” романы – жазушының көзі тірісінде шыққан жалғыз роман. Автобиографиялық шығарма Таласбектің бала кезі мен бозбала шағын, кеңес кезінде тыйым салынған музыкалық дәстүр мен күйшілік өнердің тағдырын суреттейді. Күйшінің ұстаздары мен атасы, роман кейіпкерлерінің өмірі, болмысы өзгеше. Оқырман кеңес мектептерінде айтылмаған, қазақ тарихындағы жаңа мәліметтермен таныс болады.
Зира Наурызбаева романды аударғанда Таласбек Әсемқұловтың домбырашы шәкірттері де көп көмек көрсеткен көрінеді.
“Таласбектің шәкірттері Рүстем Нұркен мен Ардаби Мәулетке хабарласып, кейбір ерекше домбыра тәсілдері мен амалдарын сұрап жүрдім. Ол балалар да білмейтін, кезінде меңгере алмаған тәсілдер де бар екен. Бұл ақпараттың бәрі мен үшін маңызды болды. Романда ауылдағы көнекөз қариялар қазақтың ескі тарихы жайында әңгімелер айтады. ХХ ғасырдағы соғыс, ашаршылық пен репрессия тақырыптары қозғалады. Яғни, мұның бәрі өте көп білімді керек етеді. Өйткені аудармашы контексті түсіне отырып аударуы керек. Аударманың жолы қиын. Мұндай кітапты әдетте 1-2 жыл аударады. Ал бізде бұл 3 жарым айда шығарылды”, – дейді аудармашы.
Сондай-ақ Зира Наурызбаева аударманы жасауға өте көп адам көмектескенін атап өтті. Кітапты редакциялап, верстка жасап, басып шығару өте үлкен еңбек. Сол себепті аудармашы жазушы Лиля Калаусты редакторлық жұмысқа тартқан. Ол романның орыс тіліндегі нұсқасын жасауға көмектескен.
"Лилямен бірге кітаптың орыс тіліндегі аудармасын қалыптастырдық. Уақыт аз болғандықтан Еуропа тілдеріне менің орысша аудармамнан тәржімаланды. Ал араб және қытай тіліне Дина Есенжан мен Гүлжан Ахметбек тікелей аударды. Аудармашылардың мықтылығының арқасында бәрін уақытында үлгердік. Франция, Испания мен Ұлыбритания елдеріндегі оқырмандар тарапынан алғыс естіп жатырмыз. Аударма Америка мен Ұлыбритания баспаларына да жіберілді. Индиана университеті қыркүйек айында осы кітапты басып шықты. Қазір Амазонда сатылымға шықты. Баспа өзінің жоспарына алып, авторға мұрагерлік қаламақы төлеп, кітап сатылған сайын пайызын береді. Бұл - бізде осылай шыққан алғашқы кітап”, – деді аудармашы.
Романның аудармасы Нұр-Сұлтандағы Ұлттық академиялық кітапхананың тапсырысымен, “Рухани Жаңғыру” мемлекеттік бағдарламасы аясында шыққан.
Айта кетейік, Таласбек Әсемқұловтың "Талтүс" романы соңғы 30-40 жылда батыс баспасының қаражатына шыққан алғашқы қазақ романы болып отыр.
Тұрсынбек Раушанұлы