ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі қызметіне Алан Әжібаев тағайындалды. Бұл туралы еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктегі парақшасында хабарлады.
"Қымбатты достар!
Мына бір елеулі жаңалықты өздеріңізбен бөлісіп қояйын, ақпарат саласына жауапты вице-министр қызметіне Алан Ғазизұлы Әжібаев тағайындалды.
Алан Әжібаевты журналистер қауымы етене танитыны анық.
Еңбек жолын ол 90-шы жылдардың ортасында «Макс» радиосында қарапайым радиожүргізуші қызметінен бастап, «31 арна» телерадиокомпаниясында бағдарламалар редакторы, кейінірек тележүргізуші болды. Әр жылдары «Караван» радиосын басқарды, «ТАҢ» телерадиокомпаниясында» және «Тенгри ФМ» радиосында бас продюсер болды. Кейінгі жылдары «Айқын» және «Литер» қоғамдық-саяси газеттерін басқарғанын білесіздер.
Бүгінгі күні бұл сала бойынша алдымызда бірқатар маңызды міндеттер тұр. Алан Ғазизұлының журналистік қызметтегі мол тәжірибесі мен біліктілігі осы міндеттерді табысты жүзеге асыруға негіз болады деп сенемін.
Еңбегінің жемісті болуына тілектеспін!" - делінген министрдің хабарламасында.
Жаңадан тағайындалған вице-министр министрліктің ақпарат саласына жауапты болады.