Синоптиктер ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.
Болжамға сәйкес ақпан айы қарлы болады. Атлант мұхиты мен Каспийдің оңтүстігінен циклондардың жиі жылжуына байланысты, Қазақстанның солтүстігінде желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін жетеді, қар жауып, боран соғады, оңтүстік өңірлерде жауын-шашын, тұман және көктайғақ болады.
Суық ауа массасының енуіне байланысты, екінші онкүндіктің басында және айдың соңында екі рет күн суытады.
Орталық және солтүстік облыстардағы ауа температурасы түнде минус 25-35, күндіз минус 15-25 градус; ал елдің оңтүстік жартысында түнде минус 10-20, күндіз минус 5-10 градусқа дейін төмендейді.
Ақпан айындағы орташа ауа температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында климаттық нормадан 1°С жоғары, қалған өңірлерде нормаға жуық болады.
Жауын-шашынның айлық мөлшері Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында нормаға жуық және одан көп, қалған аумақтарда нормадан аз болады.
Айта кетейік, қазақстандық этнограф ғалым, қазақы ауа райын болжамына сәйкес ақпанда ат құлағы көрінбейтін борандар басталатындығы туралы ҚазАқпарат тілшісіне айтып берген болатын.