Фото: ТЖМ
Ақмола облысы Астрахан ауданында Қалқұтан өзені тасыды. Салдарынан Колутон ауылын су басқан, деп хабарлайды Ult.kz.
Қарғын су көшеге жайылғанымен, тұрғын үйлердің ішіне кірмеген. Қазір 1 000-нан астам қап төселіп, 300 текше метр су сорылды.
Ауылдан 21 адам эвакуацияланды. 100-ден аса ірі қара мен ұсақ мал қауіпсіз жерге айдалды.
Су тасқынына қарсы іс-шараларды күшейту шеңберінде ТЖМ 28237 әскери бөлімінен әскери қызметшілер тобы келді. Әскери қызметшілер ықтимал су басу аймағында қорғаныс құрылыстарын нығайту жұмыстарын жедел орындауға кірісті. Қазіргі уақытта жауынгерлер қапшықтарды инертті материалмен толтыруды аяқтады және оларды тәуекел аймағына кіретін аула аумақтарында төсейді. Жұмыстар тәулік бойы жүргізіледі.
ТЖМ қосымша күштерін тарту су тасқыны салдарын азайтуға және ауыл халқы мен инфрақұрылымын қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ Жақсы ауданындағы «Астана-Атбасар-Жақсы-Рузаевка-Сарыкөл-Қостанай» тасжолын су шайып кетті. Ескертуді елемей өткен көлікті тасқын су жол жиегіне ағызып әкетіп, көлік жүргізушісі қайтыс болды.