26 жел, 2025 сағат 11:51

Ақмола облысында жол ережесін өрескел бұзған жүргізуші жауапқа тартылды

Фото: видеодан скриншот

Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзуды көрсететін қауіпті бейнеролик полицияның назарын аударды. Тексеру нәтижесінде Ақмола облысында автокөлік жүргізушісі бірден бірнеше әкімшілік бап бойынша жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ult.kz.

24 желтоқсанда Instagram желісінде қозғалыстағы көліктің жүк салғышына жармасып, тростан ұстап келе жатқан ер адам бейнеленген видео тарады. Ал көлік жүргізушісі қауіпті маневрлер жасап отырған. Мұндай әрекеттер ауыр салдарға әкелуі мүмкін еді.

Полиция қызметкерлері жедел түрде бейнежазбаның түсірілген орнын және көлік жүргізушісінің жеке басын анықтады. Белгілі болғандай, видео 23 желтоқсанда Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында түсірілген. Mercedes-Benz автокөлігін 34 жастағы жергілікті тұрғын басқарған.

Тексеру барысында полицейлер әкімшілік заңнаманың үш бірдей бұзушылығын тіркеді. Атап айтқанда, қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, жолаушыны көлік салонынан тыс жерде тасымалдау және маневр жасау ережелерін бұзу деректері анықталды. Барлық құқықбұзушылықтар бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.