Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев кеше жұмыс бабындағы сапармен Ақмола облысында болды. Елбасы сапары аясында Қазақстан Тәуелсіздігімен құрдас «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамында жаңа инновациялық желі іске қосылды.
Өңірдегі кезекті іргелі жоба
Өткен жылы қолға алынған бұл жобаға 3,7 миллиард теңге қаржы жұмсалған және көптеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туған. Жаңа өндірістік желі алкогольсіз сусын дайындаудың барлық айналымында кластерлік жүйемен жұмыс істейді, яғни сусынды дайындап, өздері жасаған құтыларға құйып, тұтынушыларға дайын өнімді үздіксіз жеткізеді. Мұнда германиялық ең соңғы үлгідегі құрылғылар орнатылған. Жұмыстың бәрі автоматтандырылып, компьютерлік бағдарламамен басқарылады. Осылайша, Көкше өңіріндегі іргелі кәсіпорынның өндірісін кеңейтетін тағы бір жаңа жобасы жұмысқа кірісті. Осының нәтижесінде өндіріс қуаты арттырылып, жаңа табыс арнасы ашылды деуге болады. Қала құраушы кәсіпорын бюджет қоржынын толықтыру арқылы әлеуметтік саланың дамуына сүбелі үлес қосатыны белгілі.
Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылы құрылған кәсіпорында бүгінде 100-ге тарта өнім түрлері шығарылады. Оның ішінде соңғы 15 жыл бойы «Туран» брендімен («TURAN») Ресей Федерациясына минералды сулар мен алкогольсіз сусындар тұрақты түрде жеткізіліп келеді. Бұл кәсіпорынның өнім түрлерін көбейтуге, сапалық көрсеткіштерді жақсартуға ұмтылдыратыны анық. Зауыт шығарған табиғи таза сусындарды еліміздің барлық өңірінен кездестіруге болады және тұтынушылар тарапынан жақсы бағасын алғанын айтуымыз керек. Қазіргі күні кәсіпорында экологиялық таза аймақтардан бутилденген табиғи минералды су шығару бойынша Оңтүстік-Шығыс Азиядағы халықаралық маңызы бар ең үздік инновациялық қазақстандық кәсіпорынды құруға арналған жаһандық жаңғырту басталды. 2020 жылға дейін табиғи минералды суды жылына 400 миллион литрге дейін жеткізуге мүмкіндік беретін өндірістік қуатты арттыру жоспарланған.
Акционерлік қоғам президенті Мұрат Ахметовтің айтуынша, кәсіпорын жұмыс істеген уақыттан бері бюджетке 50 миллиард теңгеге жуық салық төленген. Оған осында жұмыс істейтін 1 мыңға жуық жұмысшының қосып отырған үлесі зор. Ынтымақты ұжым ел мерейін еселеу жолында екпінді істерімен таныла беретіні анық.
Бірлескен кәсіпорынның берері көп
Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба – Көкшетаудағы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысты.
Еуразиялық экономикалық кеңес аясында құрылған «Ауыл шаруашылығы және коммуналдық техникаларының Қазақстан-Беларусь индустриялық-технологиялық паркі» инвестициялық жобасы 2012 жылы қолға алынды. Мұндағы мақсат – Беларусьтің коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастырып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп, «МТЗ-ҚАИК» серіктестігін құрған болатын.
Сол жылы бұл жобаны Индустрияландыру картасына енгізу ұсынысы облыс әкімдігінің жанындағы өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен қолдау тапты. Кейін сумен, электрмен жабдықтау, кәріз және жылу жүйесі тәрізді инфрақұрылымды тарту мәселесі де оң шешілді. Жалпы, беларусьтік компанияның Ақмола облысымен іскерлік байланысы 2010 жылдан бастау алады. Осы аралықта 5 миллион АҚШ долларына 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Шығарылған техникалардың бәрі – отандастарымыз тарапынан сұранысқа ие коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникалары.
Бірлескен кәсіпорын шығарып жатқан тракторлардың бағасы да қолжетімді. Сапасы да техникалық талаптарға сай. Соған орай, кәсіпорын құрастырған техникалар тұтынушылар тарапынан жақсы сұраныс туғызып отыр. Қазір тракторлардан бөлек, жүк көліктері мен арнайы мақсаттағы машиналардың да бірнеше түрі шығарылуда. Осылайша, кәсіпорын өндіріс көлемін жыл санап арттыра түсуде.
Жалпы, 2012 жылы басталған бұл жобаны жүзеге асыру үшін 3,4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жыл сайын 25 түрлі ауыл шаруашылығы және коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мың данасын шығарады.
Мемлекет басшысы «Қазақстанның агроинновациялық корпорациясы» ЖШС еңбек ұжымымен кездесуде жобаның маңыздылығын атап көрсетіп, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.
Ел дамуы Елбасы еңбегімен байланыстырылды
Бұдан кейін Елбасы кәсіпорын ғимаратында аудан әкімдерімен, шаруашылық басшыларымен, бизнес және зиялы қауым өкілдерімен жүздесті.
– Құрметті ақмолалықтар, егін орағы науқаны кезінде астықты аймақтарды аралап шығатын әдетім бойынша Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола облыстарында болып, егін орағының барысымен, аймақтардың тыныс-тіршілігімен таныстым, деп сөз бастаған Қазақстан Президенті биыл атап өтілгелі отырған Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында еліміздің өткен даму жолдарына шолу жасады.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында дүкен сөрелері босап, өндіріс тоқтап қалған ауыр кезеңде енді не істейміз, қалай дамимыз деген мәселе алда тұрған сәтте қиындықтан шығар жол іздеп, жедел жекешелендіру жұмыстарын жүргізіп, нарық талабына сай жұмыс жолға қойылды, деді Елбасы. 2000 жылдан бастап өндіріс өрге басып, даму жолына түстік. Міне, осы тұста Ұлттық қор құрылған еді. Кейін әлемдік дағдарыстар жағадан алған қиын кезеңдерде сол қордың арқасында қиындықтардан шыға алдық. Халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, жалақы, зейнетақы деңгейі өсті. Жаңа өндіріс орындары көптеп ашылып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы қарқынды дамуға бағыт алды. Біз әлеуметтік саясатқа беріктігімізді дәлелдеп келеміз.
Тәуелсіздік жылдарында елімізге сырттан 250 миллиард доллар инвестиция тартылды. Оның бәрі де еліміздің экономикасын дамытуға елеулі серпін бергені анық. Қазір Қазақстанның алтын валюта қоры 95 миллиард долларға жетіп отыр. Тәуелсіздік жылдарында елімізде алты мыңнан астам жаңа кәсіпорын іске қосылды.
Мемлекет басшысы еліміздің теңізге шығар жолы болмағандықтан, басқа елдермен сауда байланысына, ал ол өз кезегінде өндірісіміздің дамуына кері әсерін тигізгенін, осы орайда тығырықтан шығар жол ретінде автокөлік және темір жол байланысын дамытуға жете көңіл бөлінгендігін атап өтті. Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі жылдарда екі мың шақырымдай темір жол және бес мың шақырым автокөлік жолы салынған. Қазір Қазақстан автокөлік және темір жол өтетін транзитті ел болып отыр. Мұның өзі сауда қатынастарын дамытуға игі ықпалын тигізуде.
Одан әрі Мемлекет басшысы астаналық облыс саналатын Ақмола облысының қазіргі даму жайына тоқталып, соңғы жылдарда облыс шаруашылықтарының 10 мыңдай шетелдік техниканы сатып алғандығын, өнімділігі жоғары техникалардың арқасында егін шаруашылығының айтарлықтай дамып отырғанын тілге тиек етті. Бұрын орақ кезінде жан-жақтан мыңдаған адам мен техника ауылдарға көмекке ағылатын, ал қазір әр шаруашылық өз астығын ың-шыңсыз қысқа мерзімде жинап алады. Өйткені, алымдылығы жоғары шетелдік техникалары бар, деді Елбасы.
Бүгінде әлемдегі астықты экспортқа шығаратын үздік он елдің санатына кіретін Қазақстан астығының төрттен бірін өндіретін Ақмола облысында соңғы жылдарда өнеркәсіп саласы да қарқынды дамып келеді. Мемлекет басшысы тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер жайлы айта келе, мұның бәрі өздігінен келмегендігін, оны жасауға барша қазақстандықтар өз үлесін қосқандығын көлденең тартты.
Қазақстан Президенті облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың басты қайнар көзі аграрлық сектор екенін атап өтті. Астананың бір ғана азық-түлік белдеуі аясында 100-ден астам жобаны жүзеге асыру үшін 85 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды. Соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн мен егін егетін кешен сатып алынды, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған қоса, Мемлекет басшысы өңірдің туристік саласын дамыту қажеттігін атап айтты. Жыл сайын облысқа жүз мыңнан астам турист келеді, оған Шортанды-Бурабай курортты аймағына мемлекеттік қолдау көрсетілгені де септігін тигізіп отыр. Келер жылы жазда Астанада маңызды тарихи шара – ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтеді. Оған 100-ден астам елдің өкілдері қатысады. Олардың көбі Астанаға ғана емес, осы өңірдің туристік нысандарын да тамашалауға келеді, деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, отбасының амандық-саулығы мен жаңа табыс және бақ-береке тіледі.
Бұдан кейін облыс әкімі Сергей Кулагин аймақтың экономикалық-әлеуметтік дамуы жайында баяндап берді.
Ал Социалистік Еңбек Ерлері Аршалы ауданындағы «Ижевский» өндірістік бірлестігінің директоры Ибрагим Жанғоразов пен Зеренді ауданындағы «Жаңа ауыл» шаруа қожалығының үйлестірушісі Сартай Жұмағалиев, бокстан әлем чемпионы Дина Жоламан сөз сөйлеп, Тәуелсіздік табыстарын Елбасының ерен еңбегімен байланыстырды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы