15 жел, 2023 сағат 18:27

Ақмола облысында он күн бұрын жоғалған 103 жылқы табылды

Фото: Polisia.kz

Ақмолалық полицейлер құны 30 млн теңге болатын жоғалған 103 жылқыны иелеріне қайтарып берді, – деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Сандықтау ауданы, Жыланды ауылының бірнеше тұрғынына тиесілі жылқы табынының жоғалғаны туралы арыз полиция бөліміне 12 желтоқсанда түскен. Иелерінің айтуынша, жайылымда жүрген 103 жылқы 5 желтоқсанда жоғалып кеткен. Ауыл тұрғындары оларды бір апта бойы өздері іздеп, содан кейін ғана полициядан көмек сұраған. Ақмолалықтар шығынды 30 млн теңгеге бағалады.

"Жәбірленушілердің өтініші тіркелді. Аса ірі залал ескеріле отырып, бұл дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде жасалған ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жоғалған жылқыларды іздеу үшін полицейлер жедел шаралар қабылдады, криминалдық полиция қызметкерлері мен жергілікті полиция қызметі бөлімшелерінің арасынан арнайы топтар құрылды. Іздеу іс-шараларына ТЖ қызметкерлері мен иелерінің өздері қатысты. Түрлі автомобиль техникасы пайдаланылды, сондай-ақ полиция департаментінің дронымен да іздеу жүргізілді.

Бұл күндері өңір аумағында қатты аяз болды. Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, топтар тәулік бойы тек Сандықтау ауданының аумағында ғана емес, облыстың көрші аудандарында да іздеу іс-шараларын жүзеге асырды.

Сондай-ақ полицейлер жедел іс-шаралар кешенін өткізді: мал басы мен ет өнімдерін сатумен айналысатын адамдарды тексерді, ет базарлары, ет комбинаттары және басқа да сауда орындары назардан тыс қалмады. Автожолдарда қосымша блокбекеттер қойылды, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасымалдаумен айналысатын автокөліктерге тексеру жүргізді" - делінген хабарламада.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде 14 желтоқсанда жылқылардың барлығы жоғалған тұстан 30 шақырым жерде табылып, иелеріне қайтарылған. Белгілі болғандай, ұрлық фактісі расталмаған, осыған байланысты қылмыстық істі тергеу тоқтатылған.