Астаналық облыс биылғы жартыжылдықтың қорытындысында экономиканың бес бағыты бойынша республикада үздік көрсеткішке қол жеткізді. Табыс тасқынын еселеуде өңір диқандарының да үлесі елеулі болмақ. Егін орағының қазіргі барысы ел қамбасына 5,5 миллион тонна қызыл дән құю жөніндегі рекордты меженің орындалатынына сенім қалыптастырады.
Өңір басшысы Сергей Кулагин 2016 жылдың егін орағын ұйымшылдықпен, қысқа мерзімде, сапалы атқарып шығудың алда тұрған міндеттеріне арналған дәстүрлі семинар-кеңесті Есіл ауданының «Заречное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өткізуі шаруагерлердің көңілінен шықты. Әр сағаты санаулы жауапты науқанда бұрынғыша, облыс орталығында дүрілдетіп мәжіліс құрудың қажеті де жоқ еді. Семинар аяқталысымен озат шаруашылықтың комбайндары бірден астықты алқапқа шығарылуы диқандар жүзінде нұр ойнатқан. Бұл екпін барлық аудандарда еселеніп жатқаны да қуанышты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров бізбен әңгімесінде, 8 қыркүйектегі ақпарды қолға ала отырып, 4 миллион 328,7 мың гектар дәнді дақылдар алқабының 2,2 миллион гектарының дәні жинап алынғанын айтты. Бұл барлық алқаптың 52 пайызын құрайды. Әр гектардың шығымдылығы орташа есеппен 13 центнерден айналуда. Яғни, былтырғы көрсеткіштен 5 центнерге жуық артық. Астық қоймаларына 2,8 миллион тонна ырыздық дәні жеткізілді.
Күн санап жұмыс қарқыны өсіп, күндік жоспар асыра орындала бастады. Қазір тәулігіне 200 мың гектардың астығы бастырылуда. Элеваторларға 300 мың тонна астық өткізіліп, 88,3 мың тонна тұқым құйып алынды. Аудандарда күзгі дала жұмыстарын уақытында, сапалы жүргізу үшін барлық шаралар қолданылуда.
Өңірде күзгі ораққа техникаларды дайындау жұмыстары да ойдағыдай жүргізілгенін айтуымыз керек. Биылғы науқанға 8445 астық комбайны жұмылдырылған, оның 2658-і кең алымдығы заманауи шетелдік техника болып отыр. Бұлардың барлығы да егістікке шығарылған. Қолда бар ауылшаруашылық техникасы мен астық орылатын алқаптың көлемін ескеретін болсақ, бір комбайнға науқандық жүктеме 512,6 гектардан келеді. Егер ауа райы тосын мінез танытпай, жұмыс дұрыс ұйымдастырылып жатса, тәулігіне 170 мың гектар алқаптағы астықты еңсеру арқылы науқанды 20 күннің ішінде толық аяқтауға мүмкіндік бар. Ал, қазіргі көрсеткіш, жоғарыда аталғандай, 200 мың гектардан келіп тұр.
Қолда бар жатканың саны 2629 болса, мұның 100 пайызы, жүк көлігінің 99 және трактор тіркемесінің 99 пайызы жұмысқа қосылған. Сонымен қатар, облыс аумағында механикаландырылған қырман, авто-жүк таразылары және астық кептіру орындарының да дайындығы толық тексерістен өткізілген.
Шаруашылықтардың озық технологияны пайдалануға ынтасының арта түсуі, алымдылығы жоғары шетелдік техникаларды қолдану, диқандарға жасалған тұрмыстық жағдайлар, еңбекақылық үстеме сияқты шаралардың барлығы егін жинауды неғұрлым қысқа мерзімде әрі шығынсыз өткізуге игі ықпалын тигізетіні анық. Осы ретте, облыста ауылшаруашылық кешендері машина-трактор паркін жаңарту жұмыстарына ерекше назар бөлінгені көңіл өсіреді. Бұл бағытта соңғы жылдары облыс шаруашылықтары көктемгі және күзгі науқандық жұмыстарға қажетті 976 комбайн, 1034 трактор және 282 тұқым себу кешенін сатып алғанын алға тартуға болады. Ал, биылғы жылдың 8 айында ғана осындай 151 комбайн, 148 трактор қатарға қосылды.
Мемлекеттің қолдауы нәтижесінде жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де оң шешілуде. Күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін 77 мың тонна көлемінде дизель отыны, 4,1 мың тонна дизель майы және 7,4 мың тонна бензин қажет. Бүгінгі таңда қажетті жанар-жағармайдан 61 мың тонна көлемінде дизель отыны дайындалса, дизель майы мен бензин отыны толық қамтамасыз етілген.
Егін орағы кезіндегі ең басты мәселе, астық қабылдау кәсіпорындарының дайындығы екендігі белгілі. Осы орайда, биылғы науқанға лицензиясы бар 62 астық сақтау кәсіпорны қатысатын болады. Бұл кәсіпорындарда 3,9 миллион тонна астық сақтауға мүмкіндік бар. Оған қоса, ауылшаруашылық құрылымдарының өзінде 1,9 миллион тонна көлемінде астық қабылдайтын қоймалар қарастырылған. Осыдан-ақ алынған астықтың далада қалмайтынын байқауға болады. Сондай-ақ, өңірде элеваторлар мен астық қабылдау кәсіпорындарының сыйымдылығын ұлғайту немесе жаңадан салу сияқты жұмыстар да ұдайы назарда ұсталуда.
Біз маңызды науқанның алғашқы күндерінде астықты алқаптарда болып, оның басы қасында жүрген азаматтармен жұмыс барысы жөнінде пікірлескен болатынбыз. Олардың сөз екпінінде қызыл қырманның толымды болатындығы аңғарылып тұрды:
Сандықтау ауданының әкімі Асылбек Исмағамбетов:
– Биыл аудан бойынша ауылшаруашылық дақылдарының жалпы көлемі 301 мың гектарды құраса, оның 278 мыңы дәнді және дәнді бұршақ дақылдарына тиесілі. Сонымен қатар, 12,4 мың гектар майлы дақылдар, 10 мың гектар мал азығы, 800 гектар картоп және көкөніс өсіру де қолға алынды. Ағымдағы жылы жауын-шашынның көп болуы аудандағы егістік алқаптарда фитосанитарлық жағдайды күрделендіріп жіберді. Әсіресе, арамшөптермен бірге ауылшаруашылық дақылдары кеселімен және зиянкестермен күреске зор көңіл бөлінді. Бұл бізге өздеріңіз көріп отырғандай, жақсы өнім алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы мақсатта көктемгі дала жұмыстарына «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 68 мың гектар алқапқа дән сіңіру үшін 408 миллион теңге қаржы бөлінді. Оған қоса, соңғы 3 жыл ішінде аудандағы ауылшаруашылық құрылымдары 58 комбайн, 12 жатка, 38 жүк көлігі және 72 трактор сатып алды. Жанар-жағармай мәселесі де оң шешілуде.
Уәлихан ӘРІПОВ, Есіл ауданындағы «Заречное» ЖШС директоры:
– Жаңбырлы жылда барлығы 32 мың гектар егістік алқабымызда көктемгі дала жұмыстарын қазіргі заманғы озық технология бойынша жүргізуге тура келді. Бұл өздеріңіз көріп отырғандай, ауданның басқа шаруашылықтарымен салыстырғанда, жоғары өнім жинауға мүмкіндік беріп отыр. Жалпы, біздің шаруашылықта егіншілікпен бірге мал шаруашылығы да қарқынды дамыған. Сондықтан, жұмыстарымызды кешенді жүргізетініміз белгілі.
Аманкелді Камелинов, Бұланды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
– Аудан шаруашылықтары 6 қыркүйекке дейін 201,5 мың егістіктің 60 мың гектарын дестеге жығып, 48 мың гектарын бастырды. Бұл – жұмыс ауқымының 30 пайызы. Гектар түсімділігі 13,2 центнерден айналуда. Бұған қосымша, 16,6 мың гектардағы майлы дақылдарды жинап алу қарқын ала бастады. Келесі жылдың берекесін арттыру үшін үш ізбен сүдігер жыртылатын болады. Жалпы, жұмысқа көңілім толады.
Нұрлан БЕКТҰРОВ, гидрометеорологиялық стансасы орталығының директоры:
– Әр уақытта да диқан қауымы үшін науқан кезінде ауа райының жайлы болуы маңызды. Биылғы жылғы ауа райы 2011 жылдағыға өте ұқсас. Тамыз айы жайлы болды. Қыркүйек айына келетін болсақ, ай бойы ауа райында соншалықты өзгеріс болады деп айта алмаймыз. Дегенмен, жалпы алғанда қыркүйек айының соңғы күндері жер-жерде жаңбыр жаууы ықтимал. Тіпті, айдың соңында кей жерлерде қарлы жаңбырға ұласуы мүмкін. Жалпы алғанда, ауа райы егін орағына үлкен кедергісін тигізе қоймайды деген ойдамыз. Бірақ, осыған қарап, арқаны кеңге салып отыра беруге болмайды. Ширақ қимылдап, науқанды дер кезінде еңсерген диқан ғана ұтатынын ескергеніміз абзал.
Ақмола қашанда алтын астығымен ел мерейін көтеріп келе жатқан өңір. Диқан қауым әр науқанға жауапкершілікпен қарап, тыңғылықты дайындықпен кіріседі. Мұның өзіндік қайтарымы да жоғары екендігі жұртшылыққа мәлім. Бұл биылғы мерекелі жылы да алтын таулар биіктей түсетініне сенім қалыптастырады.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы