06 қыр, 2024 сағат 00:03

Ақмарал Науатбек дзюдодан Париж Паралимпиадасының чемпионы атанды

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Пара дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санаты) белдескен Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасының жеңімпазы атанды. 

Отандасымыз финалда Франция өкілі Сандрина Мартинеден басым түсіп, алтын жүлдеге қол жеткізді. 

Ақмарал Париж татамиінің жартылай финалында түркиялық Джахиде Екені, ширек финалда үндістандық Кокиланы иппонмен жеңген еді. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмарал Науатбекті жеңісімен құттықтап, жазба жариялады. 

"Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!" – деді президент әлеуметтік желідегі парақшасында.


Еске салсақ, бұған дейін Париж Паралимпиада ойындарында қазақстандық Давид Дегтярев пауэрлифтингтен чемпион атанған еді.