11 мам, 2020 сағат 10:22

Әкімшілік айыппұлдан түскен қаражат қайда жұмсалады?

Пара беріп біреуді байытқанша, салынған айыппұлды өтеп бюджетті толықтырған дұрыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің директоры Расул Медетов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Сыбайлас жемқорлық деген кезде көп адамның есіне жол полициясы қызметкерлері түседі. Бірақ адам өзін де кінәлай білуі керек. Бұл сөзіме келісетіндер де, келіспейтіндер де табылатынын білемін. Мәселен, жол ережесін белгілі бір адам бұзғаннан кейін оны жолпол қызметкерлері ұстайтын болса, жол ережесін бұзған азамат параны өзі ұсынады. «Келісейік» дейді де, белгілі бір парасын беріп, жөніне кетеді. Кеткеннен кейін «бүкіл полиция оңбаған, олар жемқорлыққа жол береді» дейді. Өздері бастайтынын ескере бермейді», - деді Расул Медетов агенттіктің Фейсбук парақшасындағы сұхбатта сөйлеген сөзінде. 

Оның айтуынша ережені бұзған адам айыппұлды төлеуі керек. 

«Неге біз басқа біреуді байытуымыз керек. Айыппұл жазып берсін. Айыппұл бюджетке барады. Бюджетке барған қаражат халыққа қайтып келеді. Қалай келеді: ол ақшаға балақбақша немесе ауруханаға салынуы мүмкін. Жол жөнделуі ықтимал. Сондықтан айыппұлды бюджетке жолдап, ақша балаларға қайтып келетіндей жағдай жасау керек», - деді ол.