Фото: primeminister.kz
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде түрік аспазы Бурак Өздемирге неге шапан жапқанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Түркістанға келген белгілі аспаз Бурак Өздемирге шапан жапқан едіңіз. Ол Түркістанда мейрамхана ашатынын айтып кетті. Сол ұсыныс не болып жатыр? Түрік кәсіпкеріне көрсеткендей құрметті өзіміздің кәсіпкерлерге көрсетіп жүрсіз бе?», - деп сұрады журналист.
Облыс әкімі әйгілі аспазды Өзбекстанда жүрген жерінен алдырғанын айтты.
«Оны біз Ташкентте жүргеннен кейін бері қарай шақырдық. Шақырғаннан кейін келіп, Түркістанды көріп, өзі таңғалып кетіп отыр. Оның мәліметі бойынша Түркістанға келгеннен кейін мыңдаған адам жазыпты. Оқырманының саны 70 миллиондай екен. «Осылардың бәрі көріп отыр», - деп, мейрамхана ашу туралы ұсыныс жасады. Бірақ ол өзі ашпайды. Франшизасын береді, сондай уәде берді. Сол франшиза бойынша мейрамхана салатын кәсіпкерлер болса, қолдауға дайынбыз. Ал шапанды Түркістанға келген соң жаптық», - деді ол.
Әкімнің сөзінше, осы сапардан кейін Түркия жастарының назары Түркістанға ауған.
«Түрік мемлекетіндегі жастар да ол арқылы Түркістанды танып, ол арқылы кесенені, Керуен сарайды көріп жатыр. Түркі мемлекеттерінің рухани астанасы бар екенін біліп жатыр. Осындай танымал азаматтарды біз әрқашан шақырамыз. Шапан жабуға дайынбыз. Ешқандай проблема жоқ.
Ал қазақстандық кәсіпкерлерді мен шақырмаймын. Олардың алдына мен өзім барам. Әр аудан біледі. Шағын цех ашса да, өзім барып тікелей сұхбаттасамын, қандай көмек керек екенін сұраймын», - деді Дархан Сатыбалды.